Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінде апта ішінде бірқатар ісшаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
КЕЛЕСТЕ ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Келес ауданының білім бөлімі мен Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернатында «Шағын жинақты мектептермен серіктестік аясында білім сапасын арттырудың проблемалары мен жаңашыл әдіс-тәсілдері» атты республикалық семинар өтті.
Семинар мақсаты — мамандандырылған мектеп тәжірибесі негізінде серіктес шағын жинақты білім мекемелерінде білім сапасын арттыруға бағытталған әдіс-тәсілдермен алмасу.
Аталған іс-шара барысында «Оқушыларды ғылым жарыстарына дайындау тәсілдері» тақырыбында TEDX, педагогтың дамуы мен жетілуінің жаңа мүмкіндіктерін талқылауға арналған дөңгелек үстел, ауыл мектебінің қазіргі жағдайы, мәселелері мен шешу жолдарын анықтау мақсатында телекөпір, желілік қоғамдастық аясында мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуы, «Көмектаймс» жобасын шағын жинақты мектептер жүйесімен үйлестіру үшін арнайы Case study, «Ауылым — алтын бесігім» зияткерлік сайысы сияқты бірнеше тақырыптық алаңдар ұйымдастырылды.
Жиында қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою мәселелері де сөз болды.
Семинарға еліміздің әр аймағынан жиналған 140-қа жуық мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының ғалымдары да қатысты.
САЙРАМДА «АТА-АНАЛАРДЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ» ОРТАЛЫҚТАРЫ АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің төрағалығымен 04.09.2023 жылы өткен №28 кеңестің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық орталықтары ашылу туралы Сайрам ауданы білім бөлімінің №315 бұйрығы шығарылып, әдістемелік нұсқау хат және бағдарламасымен таныстырылды. Ата-аналарды педагогикалық қолдау бағдарламасында 1-11 сынып оқушыларының ата-аналарына педагогикалық қолдау бағдарламасының тақырыптары 1-қосымшаға сәйкес ұсынылған.
Би Орталықтың ашылу мақсаты — ата-аналарға педагогикалық дәрістер беріп, балалармен қарым-қатынаста психологиялық, педагогикалық тұрғыдан бағыт бағдар беру. Отбасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру: ата-ананың балаға назар аударуы, қолдау, позитивті қарым-қатынас, өзара түсіністік, сенімге құрылған қарым-қатынас орнатуға көмек беру, сол бағытта кеңестер мен дәрістер жүргізу.
Сонымен қатар, олардың басты басымдықтары – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы бойынша жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту.
БАЙҚАУДЫҢ «САХНАЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМ» НОМИНАЦИЯСЫНДА ІІ ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ
Түркістан қаласында «TurkistanTV» телеарнасының қолдауымен «TuranBalaFest» үздік өнерпаздар телебайқауында Отырар ауданының Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары жүлделі орынға ие болды. Оқушылар арасында өткізілген байқаудың мақсаты білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, дамыту үшін мүмкіндігінше жағдай жасау, балаларды рухани, моральдық құндылықтармен сусындату болып табылады.
Байқаудың «Сахналық қойылым» номинациясында Қ.Сәтбаев атындағы мектеп оқушылары ІІ орын иеленіп, қаржылай сыйлықпен марапатталды. Болашақтарың жарқын болсын, жас өрендер!
ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ПӘНДЕРІ БОЙЫНША АПТАЛЫҚ БАСТАЛДЫ
Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты мектептерде 2023 жылдың 23-27 қазан аралығында «Жаратылыстану пәндерінің әлемінде» атты химия, биология пәндері апталығының ашылу салтанаты және іс-шаралар жоспары жасалды.
Апталық мақсаты — Биология және химия сабақтары барысында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, оқушылардың жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылығын арттырып, заман талабына сай бәсекеге бейім, білімді, іскер, ойлау жүйесі дамыған, логикалық, еркін ойлай алатын қабілеттерін дамыту.
Аталған іс-шара аясында оқушылар «Тәжірибе — таным көзі» тақырыбындағы қызықты тәжірибелер алаңында химия ғылымының құпия-сырларына қанығып, азық-түлік құрамындағы дәрумендерді анықтау арқылы дұрыс тамақтана білу, салауатты өмір салтын ұстану керектігін және қоршаған ортаның тазалығы адамзат алдындағы негізгі міндет екендігін дәлелдеді.
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕЛЕРДЕ ОБЛЫСТЫҚ ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТКІЗІЛДІ
Шардара ауданының білім бөліміне қарасты Достық ауылында орналасқан МКҚК «Әсел» бөбекжай бақшасы, Қызылқұм ауылындағы «Алтын білім» және Ұзын ата ауылында орналасқан «Ер-Дин» бөбекжай балабақшасында облыстық тәжірибелік семинар өтті. Семинар тақырыбы: «Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың білім білік дағдыларын дамытуда шығармашылықпен айналысудың маңызы».
Мақсаты: Жаңартылған білім берудегі жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, баланың бойындағы шығармашылық қабілетін арттырып белсенділігін дамытуға мүмкіндік жасап, іздемпаз, дарынды, қабілетті тұлға қалыптастыру.
Облыстық тәжірибелік семинарға облыстық білім беруді дамыту орталығының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша жауапты әдіскер Забира Кеутаева, Гүлнұр Рысқұлбекова, Шардара ауданының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дариха Нускабаева, бөлімнің мектепке дейінгі ұйым әдіскері Айгуль Жумабекова және МДҰ арасынан құрылған білікті әдістемелік топ және 17 ауданның балабақша педагогтары қатысты.
Семинарда «Шебер қолдар»,»Қол өнер — еңбектің қайнар көзі» атты көрме, «Әрқашан бірге жақсы көңіл күйде», «Ғажайып киіз үй», «Көңілді дәрумендер» сияқты топтық жұмыстар орындалды.
Ерекшелігі сол, ауданды әлемге танытқан бірнеше армрестлингтен әлем чемпиондары да аталған іс-шараға қатысып, бүлдіршіндермен кездесті.
«САЛТ-ДӘСТҮРІМ АСЫЛ – ҚАЗЫНАМ» АТТЫ САЙЫС ӨТТІ
Ордабасы ауданының білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері арасында 25 – қазан Республика күніне орай, ұмыт бола бастаған дәстүрлерімізді қайта жаңғырту мақсатында «Салт — дәстүрім – асыл қазынам» тақырыбында сайыс өткізілді.
Аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі ұйымының әдіскері Абжалалова Шамшия Қалданқызының ұйымдастыруымен өткен бұл сайысқа балабақша тәрбиешілерінен құрылған 9 топ қатысты.
Сайыс 4 кезеңді қамтыды: «Ал, қанекей, танысайық»; «Салтын сыйлаған ел озар»; «Өнер қуып ой түзе, жұмыс істеп бой түзе»; «Ескірмеген есті сөздер».
Әділ қазылар алқасының әділ шешімі көпшіліктің діттеген ойын дөп басқандай болдай. Атап айтсақ, Бас жүлдені — «Нәркес» тобы,
І орын — «Айболашақ» тобы;
ІІ орын — «Сырғалым» және «Ордабасы» топтары;
ІІІ орын — «Қыздар — ай» тобы.
Ал, «Бірлік «тобы — ұйымшыл, «Аушадияр» тобы — креативті, «Алтын бесік», «Достық » — өнерлі, «Ақжолтай» — алғыр аталымдарымен марапатталып, жеңімпаз атанды. Сайыс өте жоғары деңгейде тартысты өтті.
ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕРДІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТКЕН БАЙҚАУ
Түлкібас ауданының білім бөлімі әдістемелік кабинетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Г.Оразбаеваның ұйымдастыруымен Абай атындағы МЛ базасында аудандық «Ақберен» республикалық өнер байқауы өтті.
Байқауға жалпы саны 90 оқушы қатысты.
Негізгі мақсат — 8-11 сыныптың шығармашыл оқушыларының гуманитарлық-эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауда шығармашылық қабілетін, өлең жазу, тапқырлық, дарынын танытуға қолдау көрсетіп, ары қарай дамуына жол ашу. 6 номинация бойынша өткен байқау қорытындысы бойынша жүлделі І — орынды иеленіп, жеңімпаз атанған өнерлі оқушылар осы жылдың 24-қазан күні Түркістан қаласында өтетін облыстық кезеңге жолдама алды.