Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Адами құндылықтар алда жүруі тиіс

Адами құндылықтар алда жүруі тиіс

Төлеби аудандық қоғамдық кеңесінің бүгінгі қызметі азаматтық қоғамды толғандырған мәселелерді оңтайлы шешуде жұртшылық пен билік арасындағы  байланыстырушы буын міндетін атқаруымен ерекшеленеді. Қоғамдық кеңес құрылғалы бері ауданның  қаржы-экономикалық  дамуы, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы туралы өзекті мәселелер көтеріп, білім, мәдениет салаларындағы, жастар арасында сыбайлас жемқорлық сияқты келеңсіз құбылысқа жол бермеу мақсатында тақырыптық жиындар өткізді. Сонымен қатар, аймақтағы діни ахуалға байланысты мәселелерді  зерделеп, бұл саладағы тәжірибелі теолог мамандармен жұртшылықтың кездесуін ұйымдастырды, пікірлерін тыңдады. Бір сөзбен айтқанда, ірілі-ұсақты  алпыстан астам  мәселе талқыланды. Туындаған өзекті проблемалар туралы аудан басшылығы мен мекемелерге  ұсыныс-хаттар жолданды. Қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстар жайында тұрғындар тұрақты түрде хабардар етіліп келеді.
Әсіресе, қоғамдық кеңес көшпелі отырыстарды ұйымдастырып,  оның мүмкіндігін тиімді пайдалануда.  Мәселен, таяуда Бірінші Мамыр ауылдық округінде өткен көшпелі отырыс  ауыл әкімінің және елді мекендердің белсенді азаматтарының қатысуымен  адами және ұлттық  құндылықтарды дәріптеу арқылы  ізгі қоғам  қалыптастыруда  қоғамдық және діни ұйымдармен бірлескен жұмысын талқылады.
Әрине,  күнделікті өмірде  күрмеуі қиын мәселелер аз емес. Әсіресе, жүйкені тоздыратын келеңсіз құбылыстар мен жағымсыз жаңалықтар адам психологиясына кері әсер етеді. Кей жағдайларда қоғамда орын алатын жекелеген әлеуметтік әділетсіздіктер тұрғындардың орынды наразылығын тудырып, арты дау-дамайға ұласып жатады. Мұндай жағымсыз факторларды кейбір «жалған» белсенділер мен «жанашырлар» отқа май құйып, мәселені одан әрі ушықтырып,  өздеріне ұпай жинағысы келеді. Жергілікті билікке деген халық сеніміне сына қаққысы келетін осындай ниеті күмәнді адамдар да табылады. Сондықтан соңы күйзеліске алып келетін мұндай жағдайларда  адам үшін өмірлік бағдар беретін  ұлттық және адами құндылықтардың  орны ерекше. Егер   бағыт-бағдар  беретін  арнайы нұсқаулық  болса, адамның  өмірде  іс-қимылын  жоспарлауы  оңай, тиімді әрі дұрыс шешім қабылдауға септігін тигізетіні сөзсіз.  Шынында да бұл мәселе азаматтық қоғам үшін өзекті деп санаймыз.
 Көтеріліп отырған тақырыптың  өміршеңдігін  маусым айында мемлекетіміздің  рухани  астанасы  – Түркістанда  «Әділетті Қазақстан – Адал азамат»  тақырыбында  өткен  Ұлттық құрылтайдың екінші  отырысы айқындап берді.  Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың: «Ал, түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформалар жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүние танымы  және өмірлік ұстанымдары өзгеруі тиіс.  Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе ешнәрсе де өзгермейді» деген сөздері  мәселенің маңыздылығын  биік денгейге көтерді.  Кеңеске қатысушылар «Өмірдің әр саласында адалдық жоғары тұруы қажет.  Әділетті Қазақстандай ізгі қоғамды бойына адами құндылықтарды сіңірген адал адамдар қалыптастырады» деген Мемлекет басшысының сөзін қуаттады.
Рас, адамдардың сана-сезімін бірден, толық өзгерту мүмкін емес. Дей тұрғанмен, елге пайдалы  ізгі  істі қолға алу үшін кез келген мүмкіндікті дер кезінде  пайдалану қажет деп есептеген  көшпелі отырысқа қатысушылар  ауыл әкімі мен қоғамдық ұйымдардың  осы мақсаттағы жұмыстарын жандандыру бойынша нақты  шешім қабылдап,  адами және  ұлттық  құндылықтарды дәріптеу арқылы ізгі қоғам  қалыптастырайық  деген мазмұнда  аудан  тұрғындарына  Үндеу  арнады.
 Б.ОРАЛБЕКОВ,
Төлеби аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Пікір жазу