Қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік жұмыскер күні аталып өтіледі. Мереке қарсаңында Төлеби аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рабиға Бейсебаеваның ұйымдастыруымен аталған мамандық иелері киелі Түркістан қаласына саяхаттап келді.
Мекемеде қызмет ететін 50 ге жуық аталған мамандық иелері еліміздің рухани астанасы, ежелден мұсылман атаулы тәу етіп барып, зиярат қылатын құтты орын Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне саяхаттады. Кесенеге арнайы кіріп, Қазақ хандығының саяси астанасындағы XV ғасырда Қ.А. Яссауиге арнап тұрғызылған кесенесін аралап, ғажайып «Тайқазанды», Ахмет Яссауи мүрдесіне қойылған құлыптасты, жерленген бөлмені, Абылай хан ескерткішін көрді, тарихымен танысты. Одан соң жер асты мешітіне барып, Ахмет Яссауи қылуетке түскен жерді көздерімен көрді. Шығыс моншасы мен Жұма мешітінде болып, Рабия Сұлтан Бегімнің кесенесіне кірді. Кейіннен «Керуен сарай» туристік кешеніндегі демалыс аймағына барып, әлемдегі теңдесі жоқ ұшатын «Алтын самұрық» театрын тамашалады.
Қала аумағының көрікті жерлерін аралап, естелікке суретке түсті. Күн сайын түрленіп, құлпырып, келе жатқан облыс орталығындағы атқарылып жатқан ауқымды істерге ризашылықтарын білдірді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетіп, оларды психологиялық қолдап, өмірге бейімдеп жүрген әлеуметтік жұмыскерлердің қызметі күрделі әрі қиын. Шыдамдылық, білім, тәжірибе және ерекше жағдайларға дағдыланған сала мамандары мұқтаж жандарға жылу сыйлап, мейірімділікпен қарап келеді. Түркістан қаласынан ерекше әсермен оралған әлеуметтік жұмыскерлер саяхатты ұйымдастыруға ат салысқан азаматтарға алғыстарын жеткізді.