Егде жасқа келген кісілерді қай жер болмасын жұмысқа қабылдамайтыны белгілі. Жастардың өзі түйіндемесін(резюме) дайындағанда қанша жаста екендігін көрсетіп жазады. Осы орайда, «Күміс жас» жобасы жасы келгендерге шарапаты тиіп отырған мемлекеттік бағдарлама.
Ташкентте «кітапханашы» мамандығын оқып, тұрмысқа шыққан соң, ата-енеге қызмет етіп, бала-шағасы аяққа тұрғанша үй шаруасында болған Курбанова Нурхан 58 жасында жұмыс жасауға бел буады. Алайда, жасы келген тәжірибесі жоқ анамызды күтіп тұрған жұмыс болмайды. «Күміс жас» жобасын естіген ол көп ойланбастан жұмыссыздыққа тіркеліп, Кентау мансап орталығы арқылы 01.03.2023 жылы «Динара» сауда орталығына жұмысқа жолданды.
«Күміс жас» жобасы жұмысқа орналасушылар мен жұмыс берушілер үшін тиімді. Бірі жұмысқа ие болса, екіншісі өзіне қызметкер алғанымен, оның жалақысын мемлекет субсидиялайды. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 36 айдан аспайды. Жоба шеңберінде жұмысқа орналасқандар үшін субсидия мөлшері әр түрлі белгіленген. Мәселен, жұмысшының алғашқы 12 айдағы жалақы мөлшермесінің субсидиясы – 70 %. Ал 13-24 айға дейінгі аралықта 65 %, соңғы 12 айда 60% мөлшерінде субсидия төленеді.