Оңтүстік Қазақстан облысында жастар жаңа бір серпін байқатты. Бір топ ерікті қыз-жігіттер қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Бұл жолы шара алдыңғыларынан ерек болды. Өйткені, мұнда жастарды шақырып, арнайы акцияға ат қойып, демеуші іздеп, мемлекеттік мекемеден көмек сұраған жоқ.
Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» жанынан құрылған еріктілер мектебінің белсенді жастары «Біз қайырымдылықпен, түрлі игі істермен, сондай-ақ ілім-білім іздеумен, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, белсенді болумен айналысамыз. Егер біз БАҚ беттеріне шықпасақ немесе әлеуметтік желіде шуылдатпасақ, біз жұмысты тоқтаттық дегенді білдірмейді. Біздің ең бірінші миссиямыз – жанымыздағыларға қамқор болу, өзімізден кейінгілерге үлгі болу», – деп есептейді.
Бұған дейін де түрлі ауқымды іс-шараларға мұрындық болып, қарттар үйіне барып, алғысқа кенеліп, балаларға қуаныш сыйлап жүрген жастарымыз осы жолы да көптің көңілінен шығып, үлкеннің батасын алды.
Жақсылық жасау – адамзаттың ең басты парызы. Ендеше өзгелер үшін емес, өзіміз үшін жақсылық жасауға асығайық!
Айгүл Әлішер,
Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» баспасөз-қызметі