Мемлекет басшының инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тапсырмасын орындау аясында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев, аудан прокуроры Оразәлі Әбдіраманов инвестициялық жоба жетекшілермен кездесті.
Табиғаты тамылжыған Төлеби ауданында кәсіп ашқысы келетін инвесторлар саны артып келеді. Аудан экономикасын дамыту үшін инвестиция тартудың маңызы зор. Себебі инвестиция – ел экономикасының темірқазығы, еліміздің жаhандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кілті болып табылады.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Раимбеков ауданда жүзеге асып жатқан инвест жобалармен таныстырды.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы ауданның экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық екенін айтып, инвестиция тарту жұмысы жүйелі жүргізілуде екендігін алға тартты. » Кездесудің негізгі мақсаты инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын проблемалық мәселелерді, сондай-ақ ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту үшін қажетті шараларды талқылау» деді, аудан басшысы.
Аудан прокуроры Оразәлі Ералханұлы инвесторларға консультациялық-құқықтық көмек көрсету және туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін жұмысшы топ құрылатынын, мемлекеттік қолдауға ие болу және оны пайдалану мәселелері бойынша кеңес берілетінін түсіндіріп, инвесторлар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.