Жыл басынан бергі үш айда жұмыссыз жүрген аудан тұрғындарының 494-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал, уақытша жұмыс орындарына 734 адам жолданып отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіштерді арттырып, тұрақты жұмыс орындарына кемінде 2400 адамды, уақытша жұмыс орындарымен 1665 астам адамды қамту жоспарлануда.
Бұл туралы бүгінгі аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында аудандық Мансап орталығының директоры Ерсұлтан Байбатчаев мәлімдеді.
Бұдан бөлек апталық жиында аудан аумағындағы жолдардың қазіргі жағдайы мен санитарлық тазалық, көгалдандыру және әскерге шақыру мәселелері қаралды.
Автожол саласына жауапты бөлім басшысы Мұстафа Телғараевтың баяндауынша қазіргі таңда ауданда 90,64 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолдың 45,15 шақырымының (44,63%) жағдайы жақсы, 33,83 шақырымы(37,3%) қанағатты, 16,35 шақырымы(18%) қанағатсыз жағдайда.
Осы орайда, елді мекен ішіндегі қанағатсыз жағдайдағы көшелерді жөндеу мақсатында бүгінгі таңда «Ауыл- Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жөндеуді қажет ететін 5 ауылдық округтегі(Ақбиік, Кемербастау, Жабағылы, Майлыкент, Арыс), 8 елді мекеннің тозығы жеткен 19 көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сатып алу конкурсы ойнатылуда. Мердігерлер анықталғаннан соң жөндеу жұмыстары басталатын болады.
Лездемелік жиынды қорытындылаған аудан әкімі жұмыссыздық мәселесін жою, елді мекендердегі санитарлық-тазалық, көгалдандыру, күре жол бойындағы үйлердің қасбеттерін ретке келтіру бойынша жауапты бөлім мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Әр елді мекендегі бастау мен бұлақ көздерін ашып, айналасын тазалап, абаттандыруды тапсырып, күл-қоқыс полигонының айналасына тал егіп тастау керектігін ескертті.
Аудан аумағында іске асып жатқан құрылыс және т.б. нысандарға жұмыссыз азаматтарымызды уақытша жұмысқа орналасуына жағдай жасау мәселесіне тоқталып, жауапты мекеме басшысына осы бағытта толық мониторинг жұмыстарын жүргізуді тапсырды.