Биыл «Ауыл Ел-бесігі» бағдарламасының шапағатын Кемербастау ауылдық округінің тұрғындары көретін болады. Былай дейтініміз бағдарлама аясында биыл соңғы жылдары аудан әкімінің халық алдындағы есептік жиындарында кемербастаулықтар тарапынан жиі көтеріліп келген Елтай ауылы, Кенжетаев, Жәрімбетов ауылы, Ақментай баба және Кемербастау ауылы, Қ.Лес, Т.Балтабаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Бұл туралы бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аталған ауылдық округі тұрғындарының алдындағы есептік кездесуінде баяндады.
Сонымен қатар, аудан басшысы аймақта өзекті мәселенің бірі болып келген Алғабас ауылы, Абралиев көшесін жарықтандыру жұмыстары, Алғабас ауылы, Рысқұлов көшесіне және М.Жәрімбетов ауылына аяқжол салу, Кемербастау ауылындағы мәдениет үйінің алдын абаттандыру жұмыстары да ағымдағы жылы атқарылатынын атап өтті.
Жалпы бір сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде тұрғындар ағын су, ауыз су, жол қауіпсіздігі, газ құбыры тартылмаған үйлерге құбыр жүргізу, электр жарығына қатысты өтініштерін білдіріп, білім саласына қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Әр мәселеге аудан әкімі жауапты мекеме басшыларымен бірге нақты жауап беріп, бақылауға алды.
Ағын су және ауыз су мәселесі бойынша жауаптыларды нысан басына барып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс беруді жүктеді.