Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бастау алған болатын. Экологиялық шараны әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өткізу жоспарланған. Бүгін отырарлықтар республикалық акцияға өз үлестерін қосып, «Таза өлке» апталығы аясында аудан орталығындағы көшелердің бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Шара барысында «Жібек Жолы» даңғылының бойындағы арамшөптер оталып, арнайы техникалармен күл-қоқыстар шығарылды. Көше бойындағы, саябақтардағы орындықтар сырланып, ағаш-талдардың түптері әктелді.
Жалпыхалықтық шараға 300-ге жуық адам қатысып, 4 арнайы техника жұмылдырылды. Белсенді жұмыстардың нәтижесіне 30 тоннаға жуық күл-қоқыстар шығарылды.
Сондай-ақ, акция аясында аудан орталығын көріктендіру мақсатында арнайы орындарға «Питушок», «Алиссум», «Шофран», «Бархатцы» секілді 10 мыңға жуық гүлдер егілді. Жалпы ағымдағы жылы 21 мың гүл егу жоспарланған.
Айта кету керек, республикалық акция аясындағы тазалық жұмыстары аудан орталығынан бөлек ауыл округтерінде де ұйымдастырылды. Шара барысында қоғамдық орындар мен көше бойлары күл-қоқыстардан тазартылып, саябақтар мен арнайы орындарда егілген ағаштардың түптері әктелді.