Ел үшін қиын-қыстау кезеңде қазақстандық қоғамның бірлігі мен ынтымағы бұрынғыдан да маңызды. Елімізде соңғы уақыттарда орын алып жатқан жағдайлар әрбір қазақстандық азаматтарды бей-жай қалдырмағаны анық, деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Отырар Ауданының Әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Батыстық ағайынның жағдайына алаңдаған отырарлықтар да бүгін су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау білдіріп, 30 тоннаға жуық гиманитарлық көмек жіберді.
Аудан орталығына тұрақтаған арнайы жүк көлігіне барынша қолдауларын көрсетіп көмек беруге асыққан жандардың қарасы қалың болды. Аудан тұрғындарымен бірге жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, жастар өкілдері атсалысып, заттай және қаржылай көмектерін беріп жатты.
Аудан халқының ел болып ұйысып, ынтымақ-бірліктің үлгісін көрсетуінің арқасында жүк көлігіне 30 тоннаға жуық жүк тиелді. Оның ішінде тамақ өнімдері, электр жарығының маторлары, жеке гигиеналық құралдар, дәрі-дәрмектер және жылы тұрмыстық керек-жарақтар, көрпе-жастықтар, резеңке аяқ киімдер және өзге де керекті заттар, жалпы 30 млн.теңгенің көлемінде көмек берілген. Бұдан бөлек 6 млн.теңгеге жуық қаржылай көмек жиналған.
Бұдан бөлек ауданнан екі бірдей арнайы техника тасқын судың алдын алу жұмыстарына жөнелтіліп отыр.
Айта кету керек, бұған дейін де аудан тұрғындары мен еріктілер және аудан жастары ұйымдасып, арнайы газел жүк көліктерімен көмек жіберген болатын.