Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Осындай сауапты істі жүзеге асыру, қаланы көркейту, жасыл желекке айналдыру мақсатында «Жасыл Арыс» КММ-сі қалаға кіреберіс Аркадан бастап, қалаға дейін ағаш отырғызу жұмыстары белсенді түрде жүргізіп келеді, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы ретте, елімізде өтіп жатқан «Таза өлке» апталығына әскери сарбаздар да көмекке келді. Қалада орналасқан №44859 әскери бөлім жауынгерлері сапқа тізіліп, «Жасыл Арыс» мекемесіне қолжәрдем берді. Отан қорғаушылар сүт пісірім уақытта жасыл желекті қоршауға арналған қадалар қағып, республикалық акцияға өз үлестерін қосты.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова және Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов сарбаздарға ел тыныштығын күзетіп қана қоймай, туған қаламызды түлетуді де азаматтық борыш санаған әскерилерге алғыс айтты.
Жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалып, жазда сая, қыста қамал болатыны сөзсіз. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климатты қалыптастыруға оң әсерін тигізеді.