Қала әкімі Гульжан Курманбекованың тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласында белгіленбеген орындарға қоқыс тастап, қала экологиясына зиян келтірушілермен күрес қарқынды жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өкінішке орай, кей жерлерде қоршаған ортаның тазалығын сақтауда әлі де мәдениет қалыптаспай келеді. Осыған орай, қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев бастаған Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары жергілікті учаскелік полиция өкілдерімен бірлесіп тұрғындар тарапынан белгіленбеген орындар мен көше бойына заңсыз қоқыс тастау жағдайлары бойынша рейдтік шара өткізіп, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Сондай рейдтік шараның бірінде «Наурыз» тұрғын ауданында тағы бір стихиялық қоқыс алаңы анықталды. Жұмысшы топ мүшелері жақын маңда тұратын тұрғындармен кездесу өткізіп, қоқыс тастамау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Және, аудандық полиция бөлімі тарапынан ескерту қағаздары таратылды.
Халықпен бірге ақылдаса келе, қала әкімдігі тарапынан арнайы техника бөлініп, бір жолға қоқыс алаңы тазаланатын болды. Ал, жергілікті тұрғындар қоқыс тастамауға және тастаушылармен күресті бірлесе атқаратын болып келісілді.

Табиғаттың қаскөйлерімен күрес күшейгенімен, адамдардың пейілі түзелмесе, бәрі бекер.Қандай іс-шаралар ұйымдастырылып, тексерістер жүргізілсе де әр азамат өз ортасына жауапкершілікпен қарап, өмір сүретін жерін таза ұстауға талпынбаса, толыққанды нәтиже бола қоймас.
Қоршаған ортаның тазалығы — баршамызға ортақ іс екендігін ұмытпайық!
© Didarbek.kz