Рухани шаһардағы киелі тарихи орындарда тазалық жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды DIDARBEK.KZ тілшісі Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталықтағы Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешен қоқыстардан тазартылып, көгалды аумағына күтім жасалды.
Шараға атсалысқан тұрғындар акция аясында шаһардың қоғамдық орындары тазарып, көркі кіріп қалғанын айтты. Тазалық мәдениетін қалыптастыруда акцияның тәрбиелік мәні зор екенін жеткізіп, түркістандықтарды акцияға үлес қосуға шақырды.
Аталған кешендегі тазалық жұмыстары барысында нысан аумағының газоны реттеліп, 8 қап қоқыс алынды, келушілерге арналған орындықтар мен қоқыс жәшіктері боялып, тазаланды.
Айта кетейік, шара 10 сәуір мен 11 мамыр аралығында өтетін республикалық акцияның «Киелі мекен» апталығы аясында ұйымдастырылды.
Бұған дейін апталық басталғалы Ясауи кесенесі аумағы тазаланып, 62 мыңнан астам гүл егілді. Сонымен қатар, шаһардағы мәдениет ошақтары да өз аумақтарында тазалық жасап, ағаш отырғызып белсенділік танытуда.
© Didarbek.kz