Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Арыс қаласына іс-сапармен келді. Сапар барысында Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова қаламызда атқарылып жатқан жұмыстар мен бой көтеріп жатқан нысандарды таныстырды, – деп хабарлайды DIDARBEK.KZ тілшісі Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда, қалаға кіреберіс Дендросаябақ аумағында жеке инвестордың өз қаржысына 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды «Shymkent Build» ЖШС жүргізуде. Облыс әкімінің орынбасары құрылыс алаңында болып, құрылыс-монтаж жұмыстарын бақылады. Тұрғындарының игілігі үшін салынып жатқандықтан сапалы, берік болуын ескертті.
Әрі қарай облыс әкімінің орынбасары өңіріміздегі бірегей транспорттық-логистикалық орталығының құрылыс алаңына барды. «Mega-Agat» компаниясы салып жатқан қойманың көлемі 17 000 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 14 000 мың шаршы метрі қатты заттар сақтауға арналса, 3 мың шаршы метрі желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтауға шақталған қойма. Бүгінде негізгі жұмыстардың дені аяқталуға жақын.
Сонымен қатар аталған кәсіпорын аумағында құны 600 млн теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа қойма іске қосылғанда, жергілікті диқандар Арыстан алысқа шықпай-ақ, астықты осында сақтап, тиімді бағада нарыққа шығаруға жағдай жасалынбақ. Яғни, жаңа астық сақтау қоймасы арқылы қосымша шығындар азаяды, ол түптеп келгенде бағаның тұрақтануына мүмкіндік беретін болады.
© Didarbek.kz