Қай кезеңде болмасын кеңпейілдігі және қонақжайлығымен танылған Тәуелсіз Қазақ елі Елбасымыздың Жарлығымен бастау алған Алғыс айту күнін кезекті рет кең көлемде атап өтті. Бір шаңырақтың астында ғибратты ғұмыр кешіп отырған сан ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен берекесін паш етіп, көпке үлгі болған шара бүгін ауданымызда «Қазақ халқына мың алғыс» тақырыбымен айшықталды.
Еліміздің кеңдігі мен татулығын айғақтай түскен Алғыс айту күніне арналған шарада ұлт аспаптары оркестрі түрлі ұлттардың әуендерін ойнатып, сазды сәлемдерін жеткізді. Мұнан соң мерекелік шара көрермендері түрлі ұлттардың дәстүрлері мен тарихын дәріптейтін кітап көрмесімен танысып, ас мәзірінен дәм татты.
Шарада аудан әкімі Ерлан Айтаханов отырарлықтар мен көрермендерді айтулы мерекемен құттықтады. Құттықтау сөзінде аудан басшысы «Өткен ғасырдың 30-40 жылдарынан бастап Кеңес үкіметі көптеген ұлттар мен ұлыстарды түрлі себептермен ұлан-ғайыр қазақ жеріне жаппай көшірді.
Жер аударылып, панасыз қалған татар, кәріс, шешендерді қазақтар далада қалдырған жоқ. Керісінше, онсызда ашаршылық, соғыстан азып-тозып отырса да халқымыз аядай баспаналарына өзге ұлттарды кіргізіп, бір үзім нанымен бөлісті. Әрбір қазақтың отбасы осылайша жер аударылғандарды қаңғытып жібермей, жүрегінің кеңдігімен, көңілінің дархандығымен сыйғыза білді. Нәтижесінде, ежелден қонақжайлығымен, бауырмалдығымен танылған қазақтар тағдыр тәлкегімен қиын жағдайға тап болған халықтардың алғысына бөленді. Бүгінде Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында 130-дан астам ұлт пен ұлыстар бірлігі мен берекесі жарасқан елде тату-тәтті өмір сүруде» деп, жылы лебізін білдірді.
Зұлмат жылдарды еске түсіріп, бүгінгі бейбіт күнмен сабақтастыра отырып сахналаған қойылымда түрлі ұлт өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын тарту етті. Киелі шаңырақтың астында барлығы бір дастарханда бас қосып, бейбітшілікті үндеген өзге ұлт өкілдері қазақ халқына деген мың алғыстарын жеткізді.
Мерекелік шара соңы түрлі ұлттар мен ұлыстардың әсем әуендері мен мың бұралған биіне ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.