Талдықұдық елді мекені тұрғындарының өтінішімен қала басшысы Гүлжан Құрманбекова аталған ауылға барып, тұрғындардың бірқатар ұсыныс-пікірлерін тыңдады, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Арыс Қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауылдастармен алдыңғы кездесуде ойын алаңша мен қалаға кіреберіс көшеге жол салу мәселесі айтылған болатын. Бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп бюджет есебінен кіреберіс жолға асфальт жол салынып, балаларға базарлық ретінде спорттық тренажерлер мен футбол алаңқайы пайдалануға берілді.
Бүгінгі кездесуде Талдықұдық ауылындағы ағайын жарық пен су мәселесін көтерді. Айтуларынша жарық жиі өшеді, ауыз су аптасына белгіленген күндері ғана беріледі. Өйткені, аталған ауыл жарықты Теміржол желісінен алады. Ауыз суда «Теміржол-Су» мекемесінен ертеректе тартылған.
Шаһар басшысы Теміржол мекемелерінен жауаптыларға су мен жарықтың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ қала әкімі бұл мәселелерді шешу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Бүгінде ауылға жарық пен суды қосуға әкімдік тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған. Облыстан тиісті қаржы бөлінгенде сапалы ауыз су мен жарық жүргізіліп, тіршілік нәрі үздіксіз берілетін болады.
Бұдан бөлек тұрғындар ауылға қоғамдық көлік жүргізу, тұрмыстық қалдықты шығаратын мекемелермен келісімшартқа отыру жайын қозғады. Шаһар басшысы бұл өте өзекті мәселе екендігін ескертіп, қала тазалығын жіті бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Осылайша, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындар игілігі үшін жасалып жатқаны айтылып, кейбір өзекті мәселелер рет-ретімен шешілетін болды.
© Didarbek.kz