Қазақ тарихында шешендігі және төрелігімен есте қалған Шойынбет би берекенің басы бірліктен басталады деген екен. Тылсым тарих беттерінде түрлі жаугершілік пен нәубеттерді басынан өткерген қазақ халқы үшін бүгінгі Қазақстан халықтарының бірлігі күні – бірліктің, берекенің, қайырымды істің, ұлтаралық достықтың символы болып отыр, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мереке қарсаңында Ақтөбе ауылдық округі тұрғындары тасқын судан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмектерін жолдады. Алдыңғы тоқынның бастамасы, шуақты аналарымызды, еңкейген қарттар мен жалынды жастарды да бей-жай қалдырмады. Межелі мерзімді өзара нақтылаған тұрғындар бір сәтте бірігіп, ауылдағы берекелі істің белгісін көрсете білді.
Жанашырлықты, қайырымдылықты ұрпақтарына ұлағат ретінде санасына сіңдіріп отырған. Ұлағатты ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Жақсылық Жүсіпов мерекенің мәніне тоқталып, Батыстағы ағайынның бүгінгі жайын да баяндады. «Сайдағы арқардың тұяғына тас батса, қырдағы арқардың мүйізі сырқырайды» деген қазақтың даналығы көпшіліктің көкейіне ой салуы керек. Бейбіт күннің қадірін сезініп келеміз. Ал, қарғын суда қиындық көрген батыстықтармен бірге болсақ, зардап шеккен жандарға қолдау көрсетіп, жанынан табылсақ – елдігіміз сол болады» деп, қайырлы іске қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірді.
Азаматтық қоғам институты өкілдері атынан Мейрамкүл Тұрлыбек, Қалдан Байжұмандар игілікті істің басынан табылып, ауылдағы ардақты аналарымыздың еңбегін ерекше тебіреніспен жеткізді. Аядай ғана ауылдағы нәзік жандылардың қолынан шыққан, көздің жауын алатын тұрмыстық заттары батыстағы ағайынның қажеттілігін өтеп, мінсіз қызмет көрсетеді деді.
Жаны нәзік болса да күш-жігерін елдік мұратқа бағыттаған аналарымыз бен қыз-келіншектердің іс-әрекеті еріксіз көпшілікті тәнті етті. Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұханов, Шерхан Мұртаза шығармаларының желісіндегі есімдері алтын әріппен тасқа бедерленген ана бейнесінің жалғасын бүгінгі Ақтөбенің төрінен көргендей болдық.
Ауылдағы бірліктің, ынтымақтың арқасында жиналған ауыл тұрғындарының көмегі тиелген көлік көпшіліктің қолдауы, ауыл ақсақалы Құсайынбек Есбердиевтің ақ батасымен жолға шықты. Аманатты арқалаған ауылдық округ әкімі Исахан Тайгелтір, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Досановтар гуманитарлық көмекті Түркістан қаласында орналасқан өңірлік штабқа жеткізді.
© Didarbek.kz