«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жанғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтіп жатқан «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі кешен көрмесін тамашалады.
Көрменің мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан қалыптасуындағы шешуші рөлін жан-жақты көрсету. Келушілер назарына Елбасы кітапханасының мұрағат, кітап, музей қорларынан алынған материалдар ұсынылса, олардың қатарында Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары мен шет тілдеріне аударылған еңбектері, отандық авторлардың қолтаңбасы бар кітаптары бар.
«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі кешен көрме – «Елбасы қызметінің хроникасы» интерактивті бөлімінен, цифрлық фотоальбомдар, деректік кинохрониканы көруге арналған видеозона секілді бірнеше бөліктен құралған. Сонымен қатар, қорық-музей қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің тұрақты экспозициясымен де танысты.
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы өлкетану музейінің пікір-лебіз кітабына қолтаңбасы мен ізгі тілектерін қалдырып, барынша жан-жақты мәлімет берген музей ұжымына алғысын білдірді.