Отырар ауданында көктемнің шуақты күндерімен бірге келетін 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті. Салтанатты жиын ән падишасы, жерлесіміз Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнімен басталып, жүрек тебірентер туынды шараға қатысушылардың көзіне жас алдырды.
Сонан соң атаулы мерекеге орай аудан әкімі Ерлан Айтаханов ардақты аналар мен аяулы қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгінде көркейген көне Отырардың тыныс-тіршілігінің барлық салаларында Сіздердің саналы ойларыңыз бен, жүрек жылулықтарыңыз айқын сезіледі. Перзенттерінің бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, оларды имандылық, адамгершілік, ұлттық рухта тәрбиелеп жүрген ауданымыздағы көптеген «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері атанған Батыр аналарға шексіз ризашылығымызды, ақ алғысымызды білдіреміз.
Қазақта мынадай жақсы сөз бар: «Ана – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Бұл сөз бекер айтылмаса керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев аналардың әл-ауқатына, тұрмыс-тіршілігіне, тек мереке күндері ғана емес, барлық уақытта да барынша назар аударып келеді. Көктемнің бүгінгі жарқын күнінде біз де аналарымызға, әпкелеріміз бен қарындастарымызға, өзіміздің ең ыстық, ең ізгі жүрекжарды тілегімізді, құттықтауларымызды білдіріп, құрмет көрсеткіміз келеді. Барша отырарлық аналарымыз бен аяулы қыз-келіншектерімізді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын», – деді.
Мұнан соң аудан әкімі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен наградталған алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқаларды» табыстады. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан қыз-келіншектер мен аяулы аналарды аудан әкімінің арнайы Алыс хатымен марапаттады.
Салтанатты шарада «Шуақты аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қалдан Байжұман мен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов ауданымыздың өсіп өркендеуі жолында өз үлестерін қосып жүрген ардақты аналар мен аяулы аруларды мерекелерімен құттықтады.
Мерекелік жиын одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасып, жиналғандарға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.