Қарақұр ауылдық округіне қарасты Шаға елді мекенінен «Qaz Damu Construction» ЖШС-нің демеушілігімен салынған шағын футбол алаңы ел игілігіне ұсынылды, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Созақ Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа спорт алаңының ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, спорт саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттап, туған жердің кешенді дамуына үлесін қосқан ауыл азаматы «Qaz Damu Construction» ЖШС-нің директоры Нүркен Сұлтанмұратұлы мен грэпплинг және джиу-джитсу спорт түрінен әлемдік додаларда бірнеше дүркін чемпион атанған ауылдың жас спортшысы Самат Мұратұлын арнайы алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.
Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев және аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жас спортшысы Самат Мұратұлына аудандық мәслихат аппаратының дипломын табыс етті.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Лесбек Момбеков пен «Qaz Damu Construction» ЖШС-нің директоры Нүркен Сұлтанмұратұлы ашылған нысан жастардың тәнін шынықтыратын орынға айналарына өз сенімдерін білдірді.
Жаңа спорт алаңының ашылуы ауыл жастарының арасындағы турнирге жалғасып, жас футболшылар өзара сайысқа түсті. Ауыл тұрғындары мен қонақтар ақ дастархан басында бас қосып, арнайы құран бағышталды.
© Didarbek.kz