Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облыстық департаментінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында арнайы жиын болып өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Құзырлы орган басшылары мен аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысқан басқосуда мемлекеттік қызметшілердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық ұстанымын қалыптастыру, адам бойына қажетті құндылық қатынастар мен қабілеттерін дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан ілкімді істердің барысы таныстырылып, сыбайлас жемқорлық салдарынан қоғамға, өнеркәсіпке келтірілетін зияндар мен кері әсерлері түсіндірілді. Бейнероликтер көрсетілді.
Сондай-ақ, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов пен аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбековтың, Жетісай қаласының әкімі Нұрлыбек Бахтияров пен Асықата кентінің әкімі Нұралы Жолдасбектің, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Әбішев пен заң бөлімінің бас маманы Адина Шойғараеваның мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет жасап, билік пен басқару органдарының беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай заңдылық қағидаларын жоққа шығаратын, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайтын қылмыстың алдын алу, болдырмау мақсатында атқарылған және атқарылуы тиіс жоспарлар жайындағы баяндамалары тыңдалды. Қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, ашық пікір алмасты.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін қалыптастыру болып табылады. Сондықтан да, қоғамда адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін қалыптастыру өте маңызды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – ол тек қана сана емес, ол – сыбайлас жемқорлықты бүкіл жан-тәнімен қабылдамау, қарсы тұра білу» деген аудан басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің оған қарсы сананы қалыптастырудан басталатынын алға тартып қоғамдағы бірлік, әдеп, игі адами қарым-қатынас пен ұйымшылдық құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етуге шақырды.