Полиция 1 айда алаяқтардан сақтандыру үшін 10 000 дана жадынама таратып, 3000 дана жапсырмалы ескерту парақтарын ілді, деп жазады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері өңірде интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында, адамдар көп шоғырланатын орындарда жадынамалар таратуда. Атап айтқанда тәртіп сақшылары облыс орталығындағы «Қуаныш» базарында және автовокзалдарда болып, профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Жергілікті тұрғындарға алаяқтардан абай болу керектігін түсіндірді. Құжаттарына, есепшот пен қаражаттарына ұқыпты болуы қажеттігі талап етілді.
Сонымен қатар алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданып, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға және спам хабарламаларға сенбеу туралы ескертті.
Айта кетсек, интернет алаяқтық қылмысының алдын алу мақсатында облыс полицейлері 1 айда 3 000 дана хабарландыру парақшаларын іліп, адам көп шоғырланатын орындарда 10 000 жадынама таратты.
Сондықтан ескертулерге, кеңестерге құлақ түріп, алаяқтардан абай болыңыз!