Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков С.Қожанов көшесінде тұрғындармен кездесіп, ауланы абаттандыру жұмысына қатысты пікірлерін сұрады, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Түркістан Қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала басшысымен өткен кездесулердің бірінде көпқабатты үй ауласына асфальт төсеу жөнінде өтініш түскен болатын. Мәселені зерделей келе аулаға балалар алаңшасын және демалатын орындар орнату келісіліп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы аяқталған істің басына барып, мердігер тарапынан міндеттемелерінің орындалуын саралады:
— Шағымдарыңыз бен қосымша ұсыныстарыңыз болса, айтыңыздар. Мердігерді де, жауапты мамандарды да арнайы шақырттым, кемшіліктер болса қалпына келтіреді, басқа мәселелер туындаса, олардың да заң аясында шешілуіне жұмыс жасаймыз, — деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Тұрғындар өз кезегінде абаттандыру кезінде уақытпен санаспай жұмыс істеген жұмысшыларға ризашылықтарын жеткізді. Аулада атқарылған әр іске көңілдері толатынын да айтты.
© Didarbek.kz