Жарық дүниеге талай-талай тұлғалы ғұлама ғалымдарды, саналуан өнер түрлерінің озық ойлы саңлақтарын әкеліп, ұлылар отаны атанған біздің киелі Отырар өңірі кие мен қасиет қонақтаған құтты мекен, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірімізден жарқырай шыққан перзенттерімізді қалай құрметтесек, кейінгі топ жарып шыққан дарынды жастарымызды да мақтаныш етіп жатамыз. Осындай құрметке лайықты перзенттердің бірі белгілі суретші Мәлік Әділхандай айтулы азаматтан тәлім алған талантты жас Шәмші Нұржігітұлы Табылхан десек қателеспейміз.
Біз бұған бүгін аудандық мәдениет сарайында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында өткен Шәмші Нұржігітұлының графикалық «Қара сөз – қара қалам» атты дербес көрмесінде тағы да бір көз жеткізгендей болдық. Отырар ауданының тарихында «графика» жанры бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған көрменің лентасын қиып ізгі ниетті тілектерін білдірген аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Ерман Дайрабаев пен жерлесіміз, ҚР Дизайнерлер және Суретшілер Одақтарының мүшесі, өнер академигі Кендебай Қарабдалов жас таланттың шығармашылық жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мазмұнды өткен жиын барысында аталмыш көрменің иесі Шәмші Нұржігітұлы мен кәсіби мерекелері аталып өткен мәдениет және өнер саласында жемісті қызметтер атқарып келе жатқан лайықты азаматтарға аудан әкімдігі мен мәслихатының, «Аманат» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттары салтанатты жағдайда тапсырылды.
Алдағы он күн бойы өз көрермендеріне өлшеусіз рухани азық сыйлайтын сурет көрмесімен зейін қоя танысқан жұртшылық үйлеріне өнер туындыларынан мол әсер алып тарасты.
© Didarbek.kz