Mәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған мерекелік шара өтті, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Арыс Қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалалық Мәдениет үйінде өткен шараға шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, мәдениет және өнер саласының майталмандары, қала тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Айтулы мерекеде сөз сөйлеген қала әкімі Гүлжан Құрманбекова өнер азаматтары мен сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, бір топ мәдениет қызметкерлерін және мәдениет жанашырларын алғыс хатпен марапаттады.
Шара барысында өңіріміздің Мәдениетін дамытуға сүбелі үлес қосқан сала ардагерлері мен олардың ізін жалғаушы өнерпаздар сахналық қойылым көрсетіп, жұртты қуанышқа бөледі. Өнерпаздар жанды әуенмен ән шырқап, би билеп, өнерлерін паш етті.
Әрі қарай, қалалық мәслихат депутаты Бақтығали Ділдәбеков қалалық мәслихаты атынан бірқатар өнерпаздарды марапаттап, мерейлерін тасытты.
Шараның соңы мерекелік концертке ұласты. Мәдениет үйінің қызметкерлері өнер мен өмірді ұштастыра білген өз ісінің нағыз мамандары екенінен хабар беретін арнайы қойылымды сахналады.
Орындалған әсем әндер, би билеген биші қыздар мерекенің мерейін ашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
© Didarbek.kz