Құмкент ауылында Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай, Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясының 25 жылдық түлектері мектеп ауласынан кіші футбол алаңын салып, игі іске ұйытқы болды, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Созақ Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Игі шараға қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, түлектерге ізгі тілегін арнады. Арнайы алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.
Тағылымды шараға арнайы қатысқан ауыл ардагерлері мен ел ағалары тағылымы терең ой қозғап, игі істің басында жүрген түлектердің азаматтық ұстанымдарына өз қолдауларын білдірді. Ауылдық округте халық сұранысына орай іске асып жатқан жобаларға айрықша тоқталып, алғыстарын жеткізді.
Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясының қабырғасында білім алушы жас бүлдіршіндер еселі еңбектерімен елдің құрметіне бөленген түлектерге деген алғысын арнаумен жеткізді. Шара аясында кіші футболдан турнир ұйымдастырылып, спортшылар өзара сынға түсті.
© Didarbek.kz