Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан әлеуметтік қолдау көрсету санатындағы азаматтарға шипажайларға тегін және жеңілдікпен жолдамалар беріледі. қазір бұл қызметті алу жеңілдеп отыр.
Шипажайға кезек geo-shym.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Цифрландыру бағдарламасы шеңберінде биыл іске қосылған арнайы порталда зейнеткерлер шипажай кезегіне онлайн тұрумен қатар кезек ретін бақылай алады, деп жазады қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Қазір қалада 92 210 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 2 ҰОС ардагері мен 1 841 тыл еңбеккері бар. Қалалық мәслихаттың шешімімен жыл сайын 5 мың зейнеткерге шипажайға жолдама беріледі. Өткен жылдың қараша айынан бастап «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені іске қосылып, жылына тағы 2 мыңнан астам зейнеткерді шипажаймен қамту мүмкіндігі туып отыр.
Осыған дейін азаматтарға шипажайларға кезекке тұру үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына бару міндеттелген болса, қазір өтініштер geo-shym.kz порталы арқылы жолдануда.
Жыл сайын сауықтыру орындарында ем қабылдауға 13 мыңға жуық зейнеткерден өтінім түседі. Биыл сауықтыру шараларын ұйымдастыру мақсатында 4 шипажаймен мемлекеттік сатып алу шарты түзілді. Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі», Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жетісай ауданындағы «Күлпаршын» және Шымкент қаласындағы «Денсаулық» шипажайларына жолдама берілуде.
Geo-shym.kz сайтында қызметті онлайн қалай алуға болады?
1. Порталда ЭЦҚ арқылы авторланып, мемлекеттік қызметтер бетіне өту
2. Қажетті қызметті таңдап, өтінімді толтыру және жіберу
3. Мемлекеттік қызметтің нәтижесін жеке кабинеттен жүктеуге болады.
1. Порталда ЭЦҚ арқылы авторланып, мемлекеттік қызметтер бетіне өту
2. Қажетті қызметті таңдап, өтінімді толтыру және жіберу
3. Мемлекеттік қызметтің нәтижесін жеке кабинеттен жүктеуге болады.