Арыста қаласында мерзімді әскери қызметке шақырылған жас сарбаздардың кезекті легін салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп жазады қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Отан қорғаушылар құрметіне орайластырылған салтанатты рәсім Жастар Ресурстық орталығы ғимараты алдында өтті.
Салтанатты шараға Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, қалалық біріктірілген қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы подполковник Ерлан Біләлов, қалалық ардагерлер ұйымының мүшелері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиленушілері мен мектеп оқушылары және әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналары қатысты.
Жиналған көпшілік қауым болашақ сарбаздарға Отан алдындағы борышын адал атқарып, ата-анасының ғана емес туып-өскен өлкесінің де мақтанышы болуын тіледі. Патриоттық шара соңы ұлттық спорт түрлерінен жарысқа ұласып, жеңімпаздарға қалалық Жастар ресурстық орталығы тарапынан сыйлықтар үлестірілді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі беріледі.
Бүгінде еліміздің барлық өңіріндегі 40-қа жуық жоғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдік жасайды. Бұл бастама да азаматтардың әскерге баруға құлшынысын оятуға бағытталған.