Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » БАРЛЫҒЫ «БАЛАМ ТӘРТІПТІ» ДЕЙДІ, АЛ ТЕЛІ МЕН ТЕНТЕК ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

БАРЛЫҒЫ «БАЛАМ ТӘРТІПТІ» ДЕЙДІ, АЛ ТЕЛІ МЕН ТЕНТЕК ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

Қай қоғамда болмасын, жастар тарапы түрлі сынға ұшырап жатады. Өйткені олар – албырт, еліктегіш, сенгіш, алды-артын пайымдай қоймайтын қызуқанды болып келеді. Солай екен деп олармен жұмысты доғарып қоюға тағы болмайды. Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, діни адасушылықтың алдын алу, спирттік ішімдік пен есірткіге еліктеуді болдырмау, қоршаған ортаны қорғай білу секілді мәдениетті насихаттай беруіміз қажет.
Апта басында Шардара қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен қала мектептерінде жоғарыда айтылған мәселелерді назарға алған кең көлемді жиындар болып өтті, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі. Жиындарға қала әкімі Олжас Айдосов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Асылхан Данияров және құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, ауыл билері, мектеп басшылары мен мектептердегі «Әкелер мектебінің» төрағалары, тәрбие ісі меңгерушілері қатысты.
– Бүгінгі кездесуіміздің кездейсоқ болып жатқан жоқ. Біздің басқосуымызға тәрбие жұмыстарындағы кейбір кемшіліктер себеп болып отыр. Басқа жерді айтпай-ақ қоялық, осы Шардара қаласының өзінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында көптеген жұмыс жасалуда. Мәселен, көшелерге жарық шамдар орнатылып, қоқыстан тазартылуда. Бірақ кейбіреулер осы жұмыстарды жоққа шығарып отыр. Яғни жарықшамды сындырып, қоқыстарын кез-келген жерге шашып кетіп жатыр. Бұл да құқықбұзушылық.
Тәрбие мәселесі – тәуелсіз мемлекетіміздің ең шешуші факторына айналуы тиіс. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз алған білім қауіпті» деген сөзді бекер айтпаған. Қылмысқа баратындардың бәрі мектеп бітірген, білімі бар. Бірақ ол білім – адамның сана-сезімінің деңгейін, адамгершілігін көрсете алмай отыр. Сондықтан сендермен кездесудегі басты мақсатымыз – жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу. Құқық бұзудың не екендігін түсіндіру, – деді жиындарда сөз алған қала әкімі О.Айдосов.
Сонымен қатар жиындарда сөз алған Қ.Ілесов, А.Данияровтар да тәрбиеге байланысты өз ойларын ортаға салды.
Қазақ «Тентекті тентек десең бөркі қазандай болады» деп оларды жағымсыз сипаттай отырып, оны тезге салу ел міндеті екенін ұқтырады. Өйткені жүгенсіз кеткен тентек бара-бара елге қауіп төндіреді.
Әрине, әрбір құқық бұзудың соңы жазаға келіп тіреледі. Жаза мен шара болмаса, тәртіп пен қағидат күйресе ел тыныштығы кетеді. Бүгінде қандай да бір құқықбұзушылық пен бұзақылық орын алып жатса құзырлы орындар тәртіпке шақырып, шара қолданып отырады.
Өзгеге күш көрсету, зорлық жасау дегенді былай қойғанда қоғамдық орынды ластап бүлдіру деген жат қылықтардан аулақ болып, өзімізді тәрбиелі ұстап, өз өмірімізді өзіміз сақтауымыз, жастарға үлгі болуымыз керек. Сондықтан тәртіпке бағына білген дұрыс.

Пікір жазу