Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » САУРАН АУДАНЫНДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕ КЕЛЕЛІ КЕҢЕС ӨТТІ

САУРАН АУДАНЫНДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕ КЕЛЕЛІ КЕҢЕС ӨТТІ

Сауран ауданында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаулың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Семинарға Европалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бағдарламалар офисінің басшысы, Елші Фолькер Фробарт, «Winrock International» ұйымының «Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон жөніндегі жобаның жетекшісі Элеонор Джудит Валентайн, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішовтер арнайы қатысты.
Жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып, жүргізіп отырса, Тастемір Әбішев, Фолькер Фробарт Қазақстан Республикасы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі, адам құқықтары мен құқықтық мемлекет, Қазақстан Республикасының Конституциясында қарастырылған адамның және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтар, сонымен бірге, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы тақырыптық баяндама жасады.
Семинар-тренингтің екінші бөлімі секциялық жұмыстармен жалғасын тауып, бекітілген бағыттар бойынша Еңбек нормалары, Медиациялық жолмен еңбек құқықтарын қорғаудың тәсілдері түсіндірілді. Лектор, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Светлана Жаркенова тренинг барысында Еңбек кодексінің маңызды ережелеріне кеңінен тоқталды. Әрбір азамат үшін еңбек шартының рөлі, оны жасасу ережелері, еңбекке орналастыруға қажетті құжаттарды рәсімдеу, жұмыскер мен жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттерін білуі керектігін жеткізіп, қоғамдағы болуы ықтимал еңбек дауларының алдын-алу тетіктерін түсіндіріп өтті.
Мұнан соң «Сана сезім» Әйелдер бастамасы құқықтық орталығының директоры Шахноза Хасанова еліміздегі адам саудасына қарсы іс-қимылдың алдын-алу ахуалына шолу жасап, «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасын таныстырып өтті. Сонымен қатар, «Қазақстандық дағдарыс орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зүлфия Байсақова Қазақстандағы әйелдер мен балалардың құқытарын қорғау бойынша еліміздегі жағдайды талдап, әлемдік деңгейдегі тәжірибелерді талдап берді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының заңды құқықтары мен мүдделері туралы жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Оқыту семинар-тренингті қорытындылаған Тастемір Әбішев Қазақстанның азаматтары ғана емес, елімізде тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар, қандастар, азаматтықты алып үлгермегендер де Конституциялық сотқа жүгінуге, өз құқықтарын қорғауға құқылы екенін жеткізіп, құқықтарымен бірге мемлекет пен қоғам алдында міндеттерін де адал атқаруға шақырды.

Пікір жазу