Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына іссапармен барып, Дербісек елді мекенінде салынып жатқан таза ауыз су құрылысының жұмысымен танысты. 2022 жылы басталған бұл құрылыс өткен жылы тапсырылуы қажет еді. Алайда, жауапты мердігердің тарапынан бұл жұмыстар әлі толық бітпей тұр. Осы ретте жұмыстарды жеделдетіп, мамыр айының соңына дейін аяқтау тапсырылды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Іссапар «Жібек жолы» кеден бекетінде жалғасты. Өзбекстан Республикасымен шектесетін бұл аймақ туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Осы ретте кеден бекетінің инфрақұрылымын модернизациялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, бекет маңындағы валюта айырбастау пунктерінің жұмысын реттеу тапсырылды. Сондай-ақ шекаралық бақылаудан өтетін азаматтарға құжаттық бақылауды автоматтандыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Іссапар соңында Сарыағаш ауданының криминогендік жағдайы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен мәжіліс өтті.
Мәжіліске Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, экономикалық тергеп-тексеру департаменті, шекара қызметінің өкілдері, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім басшылары және ауылдық округі әкімдері қатысты.
Жиында күн тәртібіндегі 4 мәселе қаралды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы БП ҚСжАЕАК Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы А.О.Сапаргалиев және қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Х.К.Тлеулин Сарыағаш ауданындағы криминогендік жағдай бойынша баяндама жасады.
Одан бөлек, аудан-қала әкімдіктермен zoom платформасы арқылы жиналыс өтті. Онда «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы барысында атқарылған жұмыстар талқыланды. Акция басталғалы дұрыс атқарылмай жатқан және тиісті деңгейде орындалмаған мәселелер қаралып, нақты тапсырмалар берілді. Бұл бойынша арнайы кесте бекітілген. Тазалық жұмыстары рет-ретімен орындалуда.