Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері кез-келген мемлекет үшін өзекті проблемалардың бірі. Барлық елдерде оның транс ұлттық сипаты танылып, оған қарсы экономикалық, құқықтық және басқада шаралар қолданылуда.
Қазақстан Республикасында тәуелсіздік алған мезеттен бастап бұл аса ауыр қылмыстарға қатысты қатаң мемлекеттік саясат қалыптасты. Еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заңын қабылдады. Кейіннен бұл саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру барысында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Транс ұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияларын және басқа да жалпы жұрт таныған халықаралық актілерді ратификациялап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік қоғамдастықтың тең мүшесіне айналды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіл әлемдік кеңістіктегі Қазақстанның көрсеткіштері жыл сайын жоғарылап келеді. Бұл проблемамен жан-жақты айналысып жүрген беделді халықаралық ұйым – Транспаренси Интернешнл қорының деректеріне сүйенсек, сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан 2008 жылы 170-тен астам елдің ішінде 145 орында болса, 29 қаңтар 2019 жылғы мәліметіне сәйкес 124 орынға табан тіреген. Бұл индекс кәсіпкерлердің, сарапшылар мен зерттеу ұйымдарының мәліметтерін қорытындылай отырып, жыл сайын шығарылып отырады.
Әрине, сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен күресте қылмыстық-құқықтық шаралардың маңызы ерекше. Сөйтсе де, оларды болдырмауда, ал орыналған жағдайда, жасаған адамдарды жазалауда тәртіптік, әкімшілік және азаматтық жауаптылық шараларында кеңінен қолданған жөн.
Сыбайлас жемқорлық өте қауіпті жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі болып табылады, сондықтан, мемлекеттік қызметкерлердің қатарын мемлекеттің мүддесін жоғары дәрежеде қорғай білетін кадрлармен толықтыруды, кездойсоқ адамдардың мемлекеттік қызметке кіріп кетпеуін қамтамасыз ететін қосымша жан-жақты шараларды күшейту қажеттілігі артып келеді.