Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны жою жұмыстарын пысықтау мақсатында жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Серік Мамановтың төрағалығымен өткен жиынға ауылдық округ әкімдері мен Созақ аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция майоры Айжан Манапова және гендерлік комиссия мүшелері қатысты, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша ұтымды ұсыныстар ортаға салынып, кең көлемде талқыланды. Сонымен қатар, осы бағытта атқарылар тиісті шараларды тұрақты түрде іске асыру арқылы ана мен баланың бақыты және отбасының құндылығын арттыру мәселелері де қозғалды.
«Бақ—Нұры» іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұржамал Майусова зорлық-зомбылыққа қатысты заң талаптарын халық арасында кеңінен түсіндіру керектігін айтып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Сахиұлы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарын жоюдан бұрын оның алдын алуға бағытталған шараларға баса назар аудару керектігін айтты. Ауылдық округ әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін нақты тапсырмалар жүктеді.