Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » Зайырлы елде заң үстем

Зайырлы елде заң үстем

Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі өзегі қауіпсіз қоғам қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте құқық қорғау органдары мен прокуратураға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Оның үстіне, еліміздің рухани астанасы – Түркістанның қылмыстан ада, заңсыздықтан алыс болуын қамтамасыз ету міндетімізді, тіпті, еселей түсті. Қазір облыс прокуратурасы осы үдеден шығуға барынша күш салып келеді. Заңдылықты қадағалау бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де жаман емес.
Елге болысу, халықтың игілігіне қызмет ету – әр азаматтың борышы. Ал бүгінгідей ел басына күн туып, қарғын су талай облысты әлекке салған сындарлы тұста ешбір азаматтың қиындықтан сырт қалмайтыны түсінікті. Ауылдар су астында қалып, халық малы мен мүлкінен ажырап, айналадан көмек күткен кезде Түркістан облысының тұрғындары да бауырластар қайғысына бей-жай қарамады. Бүгінгі күнге дейін көп болып, бірігіп жинаған қаржыға апат аймағындағы халыққа қажет заттарды алып, «көмек керуендерін» жөнелтті. Прокуратура қызметкерлері де бұл шарадан шет қалған жоқ.
Осының бәрі бір үйдің баласындай, бір қолдың сағасындай боп ауқымды шараға біріге білгеніміздің белгісі.
Апат айтып келмейді. Бірақ, сол апаттың барлығын жеңетін жалғыз күш – бірлік пен мейірім. «Әлемді мейірім құтқарады» дегендей, әрқайсымыз шын жүрекпен, жанашырлықпен айналамызға көмектессек, жеңілмейтін жау, алынбайтын қамал жоқ! Тек біз алдағы уақытта осындай оқыс жағдайлардан сабақ алып, елдің енді әбігерге түсуіне жол бермеуіміз керек! Бұл жерде құқық бұзушылықтың алдын алу, кемшіліктерге тосқауыл қою аса маңызды.
Жалпы, қауіпсіз қоғам, алаңсыз орта қалыптастыру – мемлекеттің басты мүддесі. Бұл мақсатқа жетуде құқық қорғау органдары мен прокуратураға жүктелер жауаптылық жоғары. Еліміздің рухани астанасы атанғандықтан, киелі Түркістанның қылмыстан ада, заңсыздықтан алыс болуын қамтамасыз ету біздің міндетімізді еселей түседі. Түркістан обысының прокуратурасы сол үдеден шығуға барынша күш салып келеді. Ерекше ынтамен атқарған жұмыстың нәтижесі де жаман емес.
Мәселен, облысымызда криминогендік ахуал биыл 5,7 пайызға төмендеген. Соның ішінде көпшіліктің алаңдатып, үрейін ұшыратын адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, қарақшылық, тонау, жол көлік саласындағы қылмыстар өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай азайған.
Қылмыс ұлт таңдамайды. Құқық бұзушылықты айыптауда руға бөліну, аталастың сөзін сөйлеу – адамдыққа жат, заңға қайшы. Сондықтан, өз аймағымыздың татулығы мен тыныштығына ел таңдансын, жұрт сүйсінсін десек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қылмыспен ымырасасыз күресуіміз керек.
Ел ішінде жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәижесінде адам ұрлау дерегі азайды. Бұл қылмыстың негізгі бөлігін қыз алып қашу оқиғалары құрап отыр. Құқықтық мемлекетте қыздардың келісімінсіз отбасын құру – қылмыс. Әрі адам ұрлау қылмысынан жалтару үшін қазақы салт-дәстүрге арқа сүйеу – қате. Қаншалықты қазақы аймақ болсақ та, әр отбасы қыздың қалауын ескеру, қыздың көз жасына қалмау керегін үнемі айтып, ескертіп отыруы тиіс!
«Адамды алдау – арыңның алдындағы қылмыс» деген сөз бар. Алайда, кейінгі жылдары адам алдауды кәсіп еткендер көбейді. Соның салдарынан алаяқтық қылмысы 14,2 пайызға өскен. Оның ішінде интернет-алаяқтық 5,8 пайызға артқан.
«Өзі саққа, Құдай жақ» дейді бабалар тәмсілі. Өкінішке қарай, қанша ескерту жасалып, қаншама деректер айтылып жатса да, алаяқтың арбауына түсетіндер азаймай отыр. Алаяқтар жаңадан велосипед ойлап тауып жатқан жоқ. Бірақ, халық құзырлы органдардың ескертуінен гөрі, алаяқтардың жылтыр сөзіне, орындалмайтын уәдесіне сенеді.
Айталық, Түркістан облысының прокуратура органдары алаяқтықтан сақтандыру мақсатында:
– Қылмыстың алдын алу үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, оның құрамына прокуратура, әкімшілік, полиция, білім беру және басқа уәкілетті орган өкілдері топтастырылды;
– Қала, аудан прокуратураларының интернет-парақшасында 80-нен аса құқықтық сауатты көтеретін, алаяқтықтың алдын алуға көмектесетін мақала жарияланды, билбордтар ілініп, облыс прокуратурасы «интернет-алаяқтыққа қарсы» арнайы бейнеролик әзірлеп, әлеуметтік желілерде кеңінен таратты;
– Прокурорлар білім ошақтары мен жоғары оқу орындарында алаяқтықтың салдарына қатысты лекция оқып, бір қатар басқосулар ұйымдастырды;
– Күнделікті интернет желілеріне мониторинг жүргізу барысында күмән тудыратын 300-ге жуық жарнама анықталып, бұғатталды.
Ең бастысы, алаяқтық, интернет-алаяқтық бойынша анықталаған қылмыстар ашық талданып, қылмыстың сипаты азаматтарға көрсетіліп келеді.
Өйткені, алаяққа алданып, опық жемейінше, азаматтар «мұндай жағдай менің басыма келмейді» деп қате ойлайды. Халық қапы қалмас үшін « Сақ жүрсең, сау жүресің» дегенді әлі қанша түсіндіреріміз белгісіз. Мұндай жымысқы қылмыспен тек көп болып күрескенде ғана нәтиже шығаратынымызды ұмытпайық!
Есірткімен байланысты қылмыстың көбеюі де прокуратура органының басты назарында. Есірткі-елді аздыратын, жастарды өлімге жетелейтін у. Зиянсыз есірткі болмайды. Есірткіні табыс көзіне айналдыру да – адамды біртіндеп өлтірумен тең. Біздің өңірдегі есірткімен байланысты қылмыс 49,5 пайызға өскен. Бұл – ойландыратын, ой салдыратын мәселе.
Әрине, пайыздық көрсеткіштің өсуі есірткі бизнесімен күрестің күшеюімен, сонымен бірге, көрші елдерден келетін контрабанданың артуымен байланысты. Тек ағымдағы жылдың 3 айында аталған фактілер бойынша 50 қылмыстық іс тіркелген. Соған орай, облыстық прокуратура көршілес елдердің құқық қорғау органдарына шекаралық және кедендік қызметтердің жұмысын күшейту қажеттілігі жөнінде хат жолдады. Есірткімен екі ел бірлесе күрессе, оң нәтиже көп күттірмейді деп ойлаймын.
Бала деген сәмбі тал. Жел қалай қисайса, тал солай қарай майысады. Сол сияқты, баланың да дұрыс жолды таңдауы – тәрбиеге тәуелді. Балаларды түзу жолға салып, кәмелетке толмағандар қылмысының алдын алу қашан да өзекті. Түркістан облысының прокуратурасы бұл бағытта кешенді шараларды жүзеге асыруда. Айталық:
– облыстағы әрбір оқу орнында уәкілетті және прокуратура органының қызметкерлері бекітіліп, құқық бұзушылықтың алдын алуда бірігіп жұмыс атқаруда;
– жайсыз отбасылардың тізімі түзіліп, ондағы балалардың тұрмыс-жағдайы жіті бақылауда;
– өгей әкесімен, өгей шешесімен бірге тұратын балалар тізімі жасалып, ондағы балалардың да психологиялық, тұрмыстық жағдайы қадағаланады;
– Балалар қылмысының алдын алу үшін жасырын сауалнамалар жүргізіліп, ондағы кемшіліктерді жедел жоюға қадам жасалуда;
– Балалар құқығын түсіндіру мақсатында арнайы дәрістер өткізіліп, БАҚ бетінде танымдық мақалалар жариялануда.
Ынтымақтаса жүргізілген жұмыстардың арқасында балалар құқығын қорғауға қатысты негізгі басымдықтар анықталды. Жасөспірімдерді қорқыту, жыныстық тиісуге орай анықталған фактілер прокуратура тарапынан ғана емес, мектеп, ата-ана тарапынан да балаларға жіті бақылау керектігін көрсетіп отыр.
Балаларды заңсыздықтан, теріс тәрбиеден қорғау мақсатында облыс прокуратурасы «Бұзушылыққа тоқтам» атты жобаны әзірлеген еді.
Аталған жоба арнайы телеграм-боттың көмегімен жүзеге асады. Жобаның басты артықшылығы – қоғамды толғандыратын тақырыптарды жіктеу, шиеленіс ошақтарын дер кезінде анықтау. Әрі бұл жобаның нәтижелі, өміршең болуы –заңсыздықты жойсақ, балаларды қылмыстан алыс ұстасақ деген ниетіне байланысты.
Өйткені, жоба талабына сай телеграм бот арқылы кез келген азамат өзіне белгілі болған, өзі куәсі болған барлық құқық бұзушылықтар (оның ішінде: есірткіні насихаттау және заңсыз жарнамалар, есірткі заттарын қолдану орындары, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, интернет желісіндегі алаяқтық фактілері немесе күмәнді жарнамалар туралы дереу онлайн режимінде оқиға орнын (локациясын) көрсете отырып, құзырлы органдарға хабарлай алады.
Ана мен бала – мемлекет қолдауына зәру. Отандық заңнамада ана мен баланы қорғауға айрықша басымдық берілген. Әйелдерге деген қамқорлықтың айқымы кең. Ең бастысы, осы қамқорлықтың игілігін аналар, қарындастар көруі, сезуі керек.
Мәселен, облысымыздың мемлекеттік қызметккерлердің 27,6 пайызы нәзік жандылар (5658 қызметкердің 1564-і), тұрақты жұмыспен қамтылғандардың 44,5 пайызы әйелдер (жалпы 35 195 азамат). Бизнесте де белсенділік танытып, өз кәсіптерін одан әрі дамытуда.
Мүмкіндігін қалт жібермей, жаңа өмір, бақуатты тірлік жасауға ұмтылған осындай белсенді әйелдер басқаларға да үлгі болуы тиіс.
Әйелдер – отбасының алтын қазығы. Әлемді әдемі ететін де, ұлтты тәрбиелейтін де – әйел. Соған қарамастан, бүгінде әлімжеттіктің құрбаны болып отырған да – әйел. Зайырлы мемлекетте аналар жыламауы, әйелдер зорлықтың құрбаны болмауы тиіс. Мысалы Түркістанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша 50 орындық орталық ашылды. Онда өмірден теперіш көрген жандарға жайлы жағдай, толыққанды астан бөлек, құқықтық, психологиялық, медициналық кеңес беріледі. 2023 жылы аймақтағы дағдарыс орталықтарында 210 адам көмек алған. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын тауып отыр.
«Күш-бірлікте» дейді қазақ. Кез келген түйткілді шешудің түйіні – ынтымақта. Әсіресе, қылмыстың алдын алу, заңсыздыққа бей-жай қарамау – өзің үшін, қоғам үшін, мемлекеттің болашағы үшін керек. Түркістан облысының прокуратурасы рухани астананың елі тыныш, халқы қауіпсіз өмір сүруі үшін бар күш-қайратын жұмсап, қызмет етуде. Бірақ, біздің еңбегіміз сіздердің қосқан ой, айтқан ұсыныс, белсенді әрекеттеріңіз бен қолдауларыңыздың арқасында жемісті болатынын ұмытпаңыздар!
Мұрат Тлеубердиев,
Түркістан облысының прокуроры.

 

Пікір жазу