Түркістан облысы орталығындағы тұрғындардың әрбірінің арыз-шағымы, көтерген мәселесі назардан тыс қалмайды. Мәселен Түркістан қаласында полиция мен басқа да тиісті сала мамандарының қатысуымен кезекті жиын өтті, деп жазады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі. Онда Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі бойындағы құрылыс заттарын сатумен айналысатын кәсіпкерлерге тауар алып келген жүк көліктерінің қозғалысы мен тұтынушылардың көлікпен бұрылуына кедергі көп екені айтылды. Мұның басты себебі — кәсіпкерлік нысан алдында бұрылыс жасауға арналған үзік жолақтың болмауы. Нәтижесінде тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру үшін қарама-қарсы орналасқан сауда орталықтарының алдынан бұрылуға арналған үзік жолаққа рұқсат берілетін болып келісілді.
Сонымен қатар полиция И.Мұсакұлов көшесінен де бұрылыс жасауға арналған үзік жолақ қалдыру туралы рұқсат берілетіндігін жеткізді.
Полиция жоғалған екі кішкентай баланы ұйықтап жатқан жерлерінен тапты.
Кентау қалалық полиция бөліміне түнгі уақытта жергілікті тұрғын хабарласып, өзінің 3 және 7 жасар ұлдарын таба алмай жатқанын, көмек берулерін сұрады. Тұрғынның айтуынша, ұлдары сағат 17:00 шамасында әдеттегідей аулаға ойнауға шыққан, алайда кеш батса да қайтып келмеген. Жақындары бірнеше сағат өздері іздеп таба алмаған.
Оқиға кәмелет жасына толмаған балалардың қауіпсіздігіне қатысты болғандықтан, кентаулық полиция қызметкерлері іздеу шараларына жұмылдырылды. Полиция бірден олардың баруы мүмкін жерлердің барлығын мұқият тексерді. Аулаларды аралап, көрген-білгендерден сұрастырды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жоғалған ағайындылар таңғы сағат 05:30-да оқиға орнынан 1 шақырым қашықтық шамасындағы көпқабатты тұрғын үйдің алдындағы отырғышта ұйықтап жатқан жерінен табылды.
Ұлдарымен аман-есен қауышқан анасы полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қонаққа келген әйел автокөліктен ақша ұрлаған.
Түлкібастық полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, ұрлық қылмысын жасады деген күдікпен жергілікті тұрғынды анықтады.
Белгілі болғандай, күдікті әйел арызданушының танысы болып шықты. Ол қонақта отырып, аулада тұрған «Volkswagen golf» маркалы автокөлікті байқайды. Содан ешкім көрмей тұрғанын пайдаланып, автокөліктің ішінде тұрған 50 мың теңге ақшасын ұрлап алған.
Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, істің мән-жайы анықталуда.
Полиция ұрлықты ашып, қолды болған велосипедті қайтарып берді
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, ұрлық қылмысына қатысы бар деген айыппен екі күдікті ер азаматты қолға түсірді.
Анықталғандай, екі күдікті жігіт олжа іздеп, түнгі уақытта қылмыстық оймен бөтеннің үйіне заңсыз кірген. Яғни ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп, қоршаудан секіру арқылы үйіне ұрлыққа түскен. Үйдің кіреберісінен құны 65 мың теңге тұратын велосипедті жымқырып, іздерін суытқан.
Тәртіп сақшылары күдіктілердің бірінің үйіне тінту жүргізу барысында арнайы жасырынған орыннан қолды болған велосипедті тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.
Қазіргі таңда ұсталған күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.