Түркістан облыстық полиция қызметкерлері тарапынан қылмысқа қарсы, қылмыстың алдын алу және болдырмау іс-қимыл шаралары жүргізілуде.
Арыс ауданының полициясына осы күнге дейін жеке куәлігі болмаған 74 және 63 жастағы тұрғындар келіп, өтініш жазды.
Ауданның қос тұрғыны да бұрынғы Кеңес одағының қызыл куәлігімен жүрген. Олар мал шаруашылығымен айналысып, Қазақстан Республикасы азаматы ретінде жеке куәлігін растайтын құжатты алуды қажетсінбеген.
Арызды қабылдаған соң сақшылар бірден тұрғындардың құжаттарын рәсімдеп, жаңа үлгідегі жеке куәлігі дайын болған соң табыстады. Ал олар полицейлерге қатысты арыз-шағымы жоғын жеткізіп, алғыстарын білдірді.
Полиция бөлімі көші-қон қызметі бөлімшесінің инспекторы Г.Абуова: «Өңірімізде әртүрлі жағдайларға байланысты жеке басын куәландыратын құжатын жасата алмай, уақыт өткізіп, кейін аса қажеттілікке байланысты құжаттандыруды сұрап, өтініш жазады. Әрине ондай кезде біз өте көп құжат жинаймыз, біршама уақыт кетеді. Азаматтың жеке басын анықтаумен қатар, оның еліміздің тұрғыны екенін де тексереміз. Барлық рәсімдер жүргізіліп, құжат дайын болып, азамат қолына өз құжатын алған кездегі қуанышын көргенде, жұмысымыздың нәтижесіне риза боламыз»,- деп атап өтті.
Полиция қызметкерлері тұрғындардың жасына, әлеуметтік статустарына қарамастан мүмкіндігінше көмектесіп, құжаттары жоқ, жаңартуды қажет ететін құжаттарын заң талаптарын сақтай отырып, жаңартып, қайта жасап беруде.
Полиция қарияның ұрланған телефонын қайтарып берді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен 32 жастағы күдікті ер адамды анықтады.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің танысы болып шықты. Оңай олжа таппақ болған ол жалғысбасты қарияның үйіне келіп, онымен бірге ішімдік ішкен. Қарт кісінің ұйықтап кеткен сәтін күткен күдікті үстел үстінде тұрған ұялы телефонын жымқырып, оқиға орнынан тайып тұрған.
Осылайша қолды қылған телефонды сатып жібермек болған. Алайда полиция қызметкерлерінің жедел іс-қимылдарының арқасында мүлік тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Созақ ауданында көше бойынан шұңқыр қазып, тұрмыстық қалдық тастап отырған тұрғын жауапқа тартылды.
Созақ ауданының тәртіп сақшылары «Тазалық» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Мақсат — аудан аумағында ауылдар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру және ортақ пайдаланылатын орындарды ластауды болдырмау.
Аталмыш іс-шараның 9 тәулігінде созақтық полиция қызметкерлері 110-нан астам құқық бұзушылықты анықтап, әкімшілік хаттама толтырылды.
Мәселен Шолаққорған ауылының тұрғыны көше бойынан шұңқыр қаздырып, тұрмыстық қалдықтарын тастап отырған.
Аталған тұрғын әкімшілік жауапқа тартылып, ескерту жұмыстары жүргізілді.
Полиция темірлерді ұрлап, шөлмекке айырбастамақшы болған күдіктіні құрықтады.
Төлеби аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, ұрлық қылмысына қатысы бар 47 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді.
Белгілі болғандай, көршісінің үйінен шыққанын көрген күдікті ер адам өз арам ойын жүзеге асырған. Яғни ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп, қоршаудан секіру арқылы үйіне ұрлыққа түскен. Нәтижесінде жымқырған құрылысқа қажетті темірлерді өткізіп, шөлмекке айырбастамақшы болған.
Алайда полиция қызметкерлерінің жедел іс-әрекетінің арқасында айғақты зат ретінде қолды болған заттар тәркіленіп, алынды.
Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазығұртта 5 тәулікте 30-ға тарта көлік айыптұраққа қойылды.
Ағымдағы жылдың 22-26 сәуір аралығында Түркістан облысының аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған іс-шара бойынша Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кешенді шараларды атқаруда. Оған қоса жеке сот орындаушыларымен бірге мәжбүрлеп өндіру жұмыстары жасалуда.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары автокөлік иелері түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Атқарылған жұмыс нәтижесінде аудан бойынша 159 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл төлеу керектігі жөнінде 353 ескерту хаты таратылды. Айыппұлын төлемеген 24 жүргізушінің көлігі айыптұраққа қойылды.
Жалпы іс-шараның негізгі мақсаты — әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі қаулылардың орындалуын бақылауды қамтамасыз ету және төленбеген айыппұлдар бойынша борышкерлерді анықтау жұмысын жандандыру.
Сондықтан жүргізушілерді салынған айыппұлдарды уақытылы төлеуге шақырамыз. Жолдарда абай болыңыз!
Полиция қызметкерлері мас жүргізушіні анықтап, жол апатының алдын алды.
Түлкібас ауданының полициясы күнделікті қызмет атқару барысында кешкі уақытта аудан көшелерінің бірінде қауіпсіздік белдігін тақпаған жүрісі күдік тудырған «Opel vectra» маркалы автокөлік жүргізушісін байқап қалды. Полиция тез арада құқық бұзушының соңынан қуып жетіп, тоқтатты.
Жүргізушімен әңгіме барысында полицейлер оның мас екеніне көз жеткізді.
Сондай-ақ құжатсыз көлік басқарғанын анықтады.
Сот шешімімен ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.
«Тұрғын үй кезегін жылжытып беремін» деп 7 тұрғынды алдаған күдікті әйел анықталды.
Сарыағаш полициясы алаяқтық қылмысын ашты. Яғни «тұрғын үй кезегін жылжытып беремін» деген 31 жастағы күдікті әйел жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде ұстады.
Белгілі болғандай, күдікті әйел жәбірленушіге «мемлекеттен берілетін тұрғын үй кезегін жылжытып беремін» деп сеніміне кіріп, алдын ала жүз мың теңге ақшасын алып, хабар ошарсыз кеткен.
Полиция қызметкерлері оның бұдан өзге 6 тұрғыннан алаяқтық жолмен ақша алғанын анықтады. Яғни, оларға да үй алып беремін деп жалған сөздерімен сендіріп, алаяқтығын кәсіпке айналдырған.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция Түркістан облысында 90 миллион теңге қарызы бар жүргізушіні анықтады.
Көшелерді патрульдеу кезінде Түркістан қаласының патрульдік полиция қызметкерлері «Қорғау» бағдарламасының көмегімен өтелмеген қарызы бар «Toyota Highlander» автокөлігін анықтады.
Мәселен, жедел басқару орталығынан патрульдік полицейлердің планшетіне трассадағы борышкердің көлігі бойынша сигнал түсті.
Тексеру кезінде полицейлер Қызылорданың 46 жастағы тұрғыны сот орындаушының қаулысына сәйкес 90 миллион теңгеге жуық берешегі бар екенін анықтады.
Заң талаптарына сәйкес полицейлер көлікті айыппұл тұрағына қойып, жүргізушіге салынған айыппұлдар мен қарыздарды уақтылы төлеу қажеттілігі туралы түсіндірді.
Полиция маневр жасау ережесін бұзған жас жігітті жауапқа тартты.
Әлеуметтік желіде Шардара ауданы аумағындағы айналма жолдардың бірінде жол ережесін өрескел бұзған жүргізушінің бейнежазбасы таралды. Жазба полицияның бірден назарына алынды.
Тексеру кезінде жүргізушінің жеке басы анықталды. Ол Шардара қаласының жас тұрғыны болып шықты. 24 жастағы құқық бұзушы «Mersedes-Benz» маркалы көлігімен орталық көшелердің бірінде өзге көліктердің жүрісіне кедергі келтірген. Ол өз кінәсін толығымен мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді.
Тәртіп сақшылары жүргізушіге қатысты маневр жасау қағидаларын бұзу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа жол құрылыстарын бүлдiру
баптарымен 2 хаттама толтырды. Көлік айыптұраққа қойылды.
Сонымен қатар полицейлер жас жігітке заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Полицейлер жоғарыдағыдай теріс әрекет жасап, өз өмірінен бөлек, өзге де көлік жүргізушілеріне қауіп төндіруюге әкімшілік шара көрілетінін ескертеді!