Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің жылдық есебі тыңдалды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Имангелді Түймебаев, аудандық прокуратура, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім, мекеме басшылары мен ауылдық округі әкімдері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-ның өкілдері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Тұрсынәліұлының төрағалығымен өткен жиында бөлім бастығы, полиция подполковнигі Нұрдәулет Кәмілұлы Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің 2023 жылғы 12 айдың қорытындысымен атқарылған жұмыстардың барысын баяндап, қорытынды нәтижелерімен бөлісті. Атап айтқанда ауданда 2023 жылдың 12 айында тіркелген қылмыстардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 18,3 пайызға төмендеген. Халық арасында алаяқтық қылмыстың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен халық арасында ескертулер жасалып, ұдайы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы жоғары сынып оқушылары мен №19 колледж студенттері арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу және жастарды ұлтжандылық пен патриоттық тәрбиеге шақыру мақсатында «Жастар форумы» өткізілді. Жыл көлемінде «Құқық тәртіп», «Мигрант», «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз балалар», «Жасөспірім», «Қару», «Тұрмыс», «Қадағалау», «Түнгі қала», «Таза қала», «Қайыршы», «Мүлдем төзбеушілік» «Учаске», «Автобус», «Борышкер», «Жолда қабылдау», «Зорлық зомбылықсыз 16-күн акциялары» және басқа да жедел профилактикалық іс-шаралар өткізілген. Жедел профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлерінің жеке ізденуімен анықталған қылмыстық құқықбұзушылықтар төмендеген.
АПБ-нің патрульдік полиция тобы және учаскелік полиция инспекторларымен жол қауіпсіздігінің алдын алу және жарақаттануды азайту мақсатында, аудан сыртындағы тас жолдарда жол қозғалысын қадағалау бағытында патрульдік нарядтардың шығуы арттырылып, жол жүрісі ережелерін бұзуды анықтау, құқық бұзушыларға қатысты бұлтартпау принципін қамтамасыз ету профилактикалық іс шаралары күнделікті жүргізілуде. Нәтижесінде, автокөлікті масаң күйде басқару жайтымен өткен жылдың 12-айында 23-дерек, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және масаң күйде көлік құралын басқару жайтымен 2-дерек анықталған. Сонымен қатар, басқа да жол жүрісі ережелерін бұзу жайттарымен 9913 әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталып, айыппұлдар салынып, мемлекетке өндірілген.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 408-бабындағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзуы» бойынша 271-мал егелеріне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұлдар салынған.
Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша есепке қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Аудандық полиция бөлімі бастығының тарапынан тиісті жауаптар берілді.