Ер есімі – ел есінде сақталады. Кешегі арамызда жүрген жандардың өнегелі жолын, даңқты жауынгерлердің кескілескен ұрыстағы ерліктері мен еңбек майданындағы тыл ардагерлерінің еңбектерін бүгінгі ұрпақ естеліктер арқылы танып келеді. Сынаптай сырғыған уақыт алға жылжып, отырарлықтар Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлерді жыл салып қайта еске алды.
Ынталы елді мекенінде орналасқан «Жеңіс» саябағында соғыс ардагерлерінің ұрпақтары бас қосып, тағзымтақтаға гүл шоқтарын қойды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы, подполковник Мұхтар Әуезұлы, тыл ардагерлері, аудан жастары тағылымы мол шараға қатысты.
Әкім міндетін атқарушы Жансұлтан Әділжанұлы соғыс салған жара қанша жыл өтсе де майдангерлерді мазасыз күйге түсірсе, қаншама жанның асқақ арманын желге ұшырғанын да айтты. Көзсіз ерлік жасаған жауынгерлер, соғыс туралы қолбасшы Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевтардың пікірлеріне тоқталып өтті.
Ия, қазақ халқы «ер басын күн туса, етігімен су кешер, ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер» деп, бекер айтпаса керек-ті. Отан үшін отқа түсіп, толарсақтан саз кешіп, майдан даласында кеудесін оққа тосқан жандардың ерлік жолын халқымыз ешқашан да ұмытқан емес.
Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы жеңіс үшін жанын қиған жауынгерлер туралы «Біздің жүрегіміз темір емес, бірақ рухымыз отанымыз үшін қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады, біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар. Ол – Отанға деген сүйіспеншілік» деп жазған еді. Отанға, елге деген сүйіспеншілікті арттыру, өскелең ұрпаққа аға буынның ерлігін насихаттау мақсатында Мұхтар Әуезұлы баяндама жасап, Жеңіс күнінің маңызына айрықша тоқталды.
Шара соңына жиналған көпшілік «Жеңіс» композициялық кешеніне гүл шоқтарын қойса, «Тәйтелі» мешітінің имамы Мақсат Сұлтанқұлов ұрыс даласында ел мен жері үшін жанын қиған жауынгерлер, бейбіт өмірде елдің дамуына үлес қосқан ардагерлердің рухына арнап Құран бағыштады.
Шардара ауданында 7 Мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай “Самұрық” гүлзарында салтанатты іс-шара өтті. Аталған шараға Шардара ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Бақдәулет Ташпулатов, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты.
Шарада аудан басшысы сөз алып, құттықтау сөз сөйледі:
Құрметті аудан тұрғындары!
Қымбатты жерлестер!
Сіздерді батырлық пен ерліктің, төзімділік пен шыдамдылықтың мерекесі болған-Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылды. Бірнеше мемлекетпен шекарамыз белгіленіп, қарулы күштеріміз құрылды.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауы мен қамқорлығының арқасында қарулы күштеріміздің айбары асып келеді. Бүгінде олар өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, еліміздің еңсесін тіктеп, еркіндігімізді кеңейтіп отыр.
Бүгінгі сайыпқыран сарбаздарымыз ата-бабамыздың ерлік дәстүрін лайықты жалғастырып, әскери борыштарына, Антына адал қызмет атқаруда.
Құрметті жерлестер!
Қазақта “Ер-елінің қорғаны”, “Отан оттан да ыстық” деген қанатты сөздер бар. Яғни, біз ел намысын өз тағдырынан жоғары қойған ұлтпыз.
Үш жүздің басын қосқан киелі өңіріміз талай батырлардың Отаны болғаны баршаға аян.
Бүгінгі қуатты әрі шуақты мерекеде бар өмірін әскери қызметке арнап, өз қызметін мінсіз атқарып жүрген ержүрек азаматтарымызға алғысымды білдіргім келеді.
Халқымызға қорған болған, тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігімізді күзеткен ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!
Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық тілеймін. Аспанымыз ашық болып, еліміздің тыныштығы бұзылмасын.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан бойынша шекара басқармасының әскери базасында болып, осында әскери қызметте жүрген шекарашы сарбаздарды мерекемен құттықтады.
«Бұл күн – Тәуелсіз мемлекіміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін айырықша мереке. Сарбаздарымыз егемен еліміздің шекарасын күзетіп, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығын қорғауға лайықты үлесін қосуда. Ұлттық әскеріміздің айбыны асқақтап, еліміздің аспаны әрқашан ашық болсын!» — деді, Бақыт Насырханұлы.
Іс-шара барысында аудан басшысы бір топ сарбаздарға өзінің алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар, әскери саладағы тың жаңалықтармен танысып, сарбаздармен естелікке фотоға түсті.
Айта кетейік, осыдан 32 жыл бұрын құрылған Қазақстанның Қарулы Күштері еліміздің еңсесін тіктеп, еркіндігімізді кеңейтті. Уақыт талабына сай әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан-жылға нығайып келеді.
Сонымен бірге, Отырар ауданында тұрғындар тыл ардагерлерінің ауласында тазалық жұмыстарын жүргізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» Республикалық экологиялық акциясының аясында және 9-мамыр Жеңіс күніне орай Көксарай ауыл округінің тұрғындары тыл ардагері, ардақты әже Күлжан Бастарбекованың үйінде болып, ауласына абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Шара барысында үй-жайлардың маңайларын арам шөптерден тазартып, күл-қоқыстарын шығарып, қора-қопсыларын тазалауға көмек көрсетті.
Сонымен қатар, көксарайлықтар тыл ардагерлерін 9 мамыр – Жеңiс күні мерекесімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Мереке қарсаңында көңілдері көтеріліп, жарқын әңгімелескен ардагер ауыл тұрғындарына ыстық ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Ал, Мақтаарал ауданында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 79 жыл толып отыр. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында аудан әкімі Бақыт Асанов, аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова мен ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрғали Елшібаевтар тыл ардагерлерінің шаңырақтарына арнайы барып құттықтап, мерекелік сый-сияпаттарын табыс етті.
«Бізге бейбіт өмір сыйлаған аталарымыздың, еңбек майданында жүрген әжелеріміздің ерлік ісі кейінгі ұрпаққа өнеге. Сол жандардың қайсарлығы мен табандылығының арқасында біз тыныш заманда өз Отанымызда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, келер ұрпаққа ашық аспан мен бейбіт өмір сыйлау үшін тынбай жасаған еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмақ емес. Дендеріңізге саулық, сарқылмас күш-қайрат тілейміз!» — деді, Бақыт Насырханұлы.
Іс-шара барысында аудан басшысы жергілікті әкімдерге арнайы тапсырма беріп, ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету және жергілікті медицина мамандары денсаулықтарын үнемі бақылап тұру керектігін ескертті.