Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түркістан » Даңқты жауынгерлердің ерліктерін бүгінгі ұрпақ естеліктер арқылы танып келеді 

Даңқты жауынгерлердің ерліктерін бүгінгі ұрпақ естеліктер арқылы танып келеді 

Кешегі арамызда жүрген жандардың өнегелі жолын, даңқты жауынгерлердің кескілескен ұрыстағы ерліктері мен еңбек майданындағы тыл ардагерлерінің еңбектерін бүгінгі ұрпақ естеліктер арқылы танып келеді.

9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне орай, аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, подполковник Ербол Жұманов және ардагерлер мен тұрғындар орталық саябақтағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналып қойылған «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангерлеріміздің рухына құрмет көрсетіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.
Салтанатты шарада аудан әкімі А.Қарсыбаев: «Бұл тарихи мерекенің әрбіріміз үшін, қоғам мен мемлекет үшін де маңызы ерекше. Жыл сайын осынау ең қастерлі Жеңіс мерекесін тойлай отырып, біз сол сұрапыл соғыста қаза тауып, халқы үшін құрбан болған жауынгерлердің есімдерін ардақтап ұлықтаймыз, құрметпен еске аламыз.Ұрпақтарының санасында қан майданды бастан кешкен аға буынның ержүректілігі нағыз отансүйгіштіктің үлгісіндей болып қала береді. Сондықтан да ортамызда қалған әрбір ардагерлерімізді ардақтап қадірлеу, олардың бар жағдайын жасау – біздің перзенттік парызымыз», — деп өз лебізін білдірді.

Сарыағаш ауданында Ұлы Отан соғысы ардагеріне құрмет көрсетілді. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы С.Тасқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сүлейменов, Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы А.Тулендиев 9 мамыр –Жеңіс күні мерекесі қарсаңында аудан тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, 101 жастағы қария Ишхонов Эрмоханның үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Аудан басшысы ардагерге және оның отбасына амандық саулық тілеп, құттықтау қағазы мен қосымша демеушілер есебінен арнайы 1 000 000 теңге қаржылай сыйлықты табыстады. Ардагер құрмет көрсетуге келген қонақтарды қуана қарсы алып, өзінің майдан даласындағы кешкен қиыншылықтарынан сыр шертіп, қан майдандағы шайқастарын, қарулас достарын еске алды. Сөз соңында жас ұрпаққа бейбіт өмір мен амандық тілеп, алғысын айтып, ақ батасын берді.
Ардагер 1923 жылы 1 қаңтарда Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанған. I дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы» ордендерімен, «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін», «Украинаның 50 жылдығы», «Ерлігі үшін» және т.б медальдармен марапатталған. Ардагер 4 ұл мен 3 қыздан 33 немере, 49 шөбере, 6 шөпшек сүйіп отыр.

Сарыағаш ауданында «Ерлік елге-мұра, ұрпаққа -үлгі» атты мерекелік іс-шара өтті. Сарыағаш ауданы орталығындағы Жеңіс саябағында «7- мамыр Отан қорғаушылар күні» және «9-мамыр Ұлы Жеңістің 79 жылдығы» мерекелеріне орай, «Ерлік елге-мұра, ұрпаққа -үлгі» атты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шараға жиналғандар мәңгілік алауға гүл қойып, майдангерлер рухына құрмет көрсетті. Алдымен майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алып бір минуттық үнсіздік жарияланып, құран бағышталды.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев мерекемен құттықтап, адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстағы жеңісте біздің ата-бабаларымыздың жасаған ерлігі қашанда болашақ ұрпақтың жадында жаңғырып тұратындығын атап өтіп, еңбегімен ерекшеленген әскери қызметкерлерді алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар, мерекелік шараға аудандық мәслихат төрағасы С.Тасқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сүлейменов Мұстапа, Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, полковник А.Болатовтар қатысып, мерекемен құттықтады.
Іс-шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының сұрапыл соғыс жылдарынан сахналық қойылымдар қойылып, патриоттық әндер шырқалды.

Сайрам ауданының әкімі соғыс ардагерінің шаңырағына арнайы құттықтап барды. Ұлы Жеңістің 79 жылдық мерекесінде аудан әкімі Арман Сәбитов ауданымыздағы соғыс ардагерінің шаңырағына барды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының және өзінің атынан мерекелік құттықтауларын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті. Солардың бірі — Қарабұлақ ауылдық округінде тұратын 98 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаев.
Ахмаджан Анартаев 1926 жылы 10 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. 1944 жылдың 5 мамырында Сайрам аудандық комиссариатына шақырылып, 64-ші атқыштар полкінде әскери борышын өтеген. Польшаны азат ету ұрысына және Германия соғысына қатысқан. 1949 жылдың 10 сәуірінде әскерден оралған. I дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы», «Германиядағы жеңіс үшін» және 8 мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Аймақ басшысы ауданымыздағы соғыстың жалғыз куәгеріне амандық тілеп, қаржылай және арнайы сый-сияпаттар табыстады. Сондай-ақ, ерен ерліктері әрдайым дәріптелетінін, оларға деген сый-құрмет бүгінгі бір күнмен шектелместен, алдағы уақытта да күн санап арта түсетінін айтты.
— Сіз өз Отанын қорғауда өскелең ұрпаққа үлгі боларлық батылдық таныттыңыз. Отты жылдары тұла бойын оққа тосқан қайсар мінезіңіз бен ерен еңбегіңізге тағзым етеміз! Біз мұны мәңгі жадымызда сақтаймыз және мақтан тұтамыз, — деді аудан әкімі Арман Сәбитұлы.
Майдангер мейраммен құттықтап келген аудан әкімі мен қонақтарға алғыс айтты. Сын шақтарға шегініс жасап, зұлмат жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Елімізге бейбітшілік тілеп, ақ батасын берді.
— Қан майдан даласындағы қиындықтың бәрі артта қалды. Енді елімізде бұдан былай соғыс болмай, тек бейбітшілік орнасын. Еліміздің қамын ойлайтын азаматтар аман болып, әрбір шаңырақ шаттыққа кенелсін, — деді Ахмаджан Анартаев.

Сайрам ауданында Жеңіс күніне орай жауынгерлер рухына тағзым жасалды. Сайрам ауданы аумағындағы Орталық саябақта 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Аталмыш жиын әскери киімдегі мектеп оқушыларының Орталық саябақтағы кіре беріс қақпадан бастап ескерткіштер алаңына дейін қонақтарды күтіп алуымен басталды.
Келесі кезекте сұрапыл соғыста жанқиярлықпен ерлік көрсеткен батырлар мен бабалар рухына құран бағышталды. Жастарды отаншылдыққа, азаматшылдыққа, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ардақтауға, өз Отанын сүюге және үлкендерді сыйлауға тәрбиелейтін іс-шара аясында аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі.
— Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, батыр бабаларымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Біз қашанда ерлік пен батырлықтың көзсіз үлгісін көрсеткен Ұлы Отан соғысының жалынды жолдарынан өткен жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бас иеміз. Осынау сұрапыл соғыста біздің Сайрам ауданынан 20 195 адам соғысқа аттанып, соның 8 115-і еліміздің бостандығы жолында қаза тапты. Біз ұдайы «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды», – деген ұранды ұстанған халықпыз. Бүгінгі жас ұрпақ аға буын ардагерлер көрсеткен қаһармандық пен қайсарлықты, батырлық пен батылдықты үйренеді. Ардагерлеріміздің мәңгі өшпес ерлігі жүрегіміздің төрінен орын алады. Болашақта да солай бола бермек. Сіздерді Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Ұрпақтарыңыздың қуанышын көріп, бақытқа кенеле беріңіздер! Баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! — деді Арман Сәбитов жүрекжарды лебізін жеткізіп. Сондай-ақ, аудан әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Бір минут үнсіздіктен соң, мылтық ату митингісі өтті.
Салтанатты жиын соңы соғыстың қиын кездері көрініс табатын жауынгерлердің батырлығы мен өжеттіктерін ерекшелейтін концерттік бағдарламаға ұласты.

Жеңіс күнін жақындатқан жандарға құрмет көрсетілді. Түркістан облысы Полиция департаменті Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Алмас Сұлтанұлы 9-мамыр «Жеңіс» күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің шаңырағында болды.
Ол қазыналы қарттарға ауыр күндердегі адал еңбектері мен белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғысын айтып, мерекелерімен құттықтап өзінің ізгі тілегін білдірді.

 

Пікір жазу