Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түркістан » Түркістан облысында ерлікпен қаза тапқан полицейдің атына арналған кадет сыныбы ашылды

Түркістан облысында ерлікпен қаза тапқан полицейдің атына арналған кадет сыныбы ашылды

Отан қорғау ісінде ардагерлерімізді үлгі тұтып, намыс туын әрдайым жоғары ұстау міндетіміз. Осы бағытта Түркістан облысы Кентау қаласындағы Ә.Молдағулова атындағы №19 мектеп-лицейінде қызмет бабында қайтыс болған Рысбай Құдайбергенұлының есіміне «Кадет сыныбы» ашылды.
Сыныптың ашылу рәсіміне Полиция Департаментінің Тәрбие және кадр саясаты басқармасының бастығы М.Асқаров, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Тулепов, полиция полковнигі С.Үсіпбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Танкибаев пен Рысбай Құдайбергенұлының жұбайы Дариға анамыз қатысты.
Тәлім-тәрбиесі, мақсаты ауқымды шарада бейбіт өмір жолында қылмыскерлер қолынан қаза болған полицей Рысбай Құдайбергенұлының өмір жолы, ерлігі, қызмет атқарған жылдары туралы деректер айтылды. Ал кадет сыныбының алғашқы 32 мүшесі өз Отанының қорғаушысы болуға, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытуға, Қазақстан жастары үшін нағыз ерліктің шынайы үлгісі болуға ант берді.
Өз кезегінде жұлдызы ерте сөнген полицейдің ошағын сөндірмей отырған Дариға анамыз, асыл жарын ұмытпай үнемі жастарға дәріптеп, үлгі етіп отырған әріптестеріне алғысын білдірді.
Айта кетейік Рысбай Құдайбергенұлы «Совет милициясының үздігі», «Қылмысты іздестіру қызметінің таңдаулы инспекторы» төс белгілерін кеудесіне таққан. Ол 1984 жылдың 9 шілдесінде сағат 23:00 шамасында «пәтерде төбелес болып жатыр» деген шақыру бойынша оқиға орнына шығып, осы операция барысында аса қауіпті қылмыскерлер қолынан оққа ұшып, қаза болған.
Қазіргі таңда Кентау қаласында ержүрек полицейдің атына кадет сыныбынан бөлек бір көше беріліп, ескерткіш тақта орнатылған.

Аарыстық полицейлер мерекеге орай марапатталды. Түркістан облысы Полиция департаменті Арыс аудандық полиция бөлімінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған мерекелік шара өтті.
Полиция басшысы Бауыржан Қуатов ашып берген бұл жиында ел қорғаны болып жүрген бірқатар қызметкерлерге кезекті шені табысталып, алғыс хатпен марапатталды.
Салтанатты шарада: «Бұл марапаттар – сіздің кәсіби еңбегіңіздің бағасы ғана емес. Бұл-жауапкершіліктің жаңа деңгейі. Бізге ел басшылығының жоғары сенімін ақтау үшін барлық білім мен тәжірибемізді жұмсауымыз керек», – деп атап өтті ауданның бас полицейі Б.Қуатов.
Қазіргі мамыражай өміріміз бен тыныштығымызды қорғау жолында кеуделерін оққа тосып, жанқиярлығымен майдан даласында қаза тапқан батырларымыздың асқан ерлігіне бас июге тиіспіз.
Соғыста опат болған аға буын ұрпақтың рухына тағзым етіп, ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз. Олардың өшпес ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін ортаға салған қатысушылар мерекелік шарадан шат-шадыман көңіл күймен тарқады.
Ешкім де ешқашан да ұмытылмайды!

Төккен тер, еткен еңбек ескерілді. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» және 9-мамыр Жеңіс күніне орай Кентау қалалық полиция бөлімінің жеке құрамы сап түзеп, салтанатты шара өткізді.
Жиын барысында Кентау қалалық полиция бөлімінің бастығы Султанбек Үсіпбеков тәртіп сақшыларын мерекемен құттықтап, бір саты жоғары «полиция подполковнигі» арнаулы атағын Кентау қалалық ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Болат Асылханұлы Асановты және кезектен тыс «полиция майоры» арнаулы атағын Кентау қалалық ПБ Штаб тобының аға инспекторы полиция капитаны Мадияр Темірханұлы Әшірханды марапаттады.
«Кентау қаласына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісін 11 қызметкерге және Жеңіс мерекелік «Алғыс хатын» 5 қызметкерге Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов табыстады.
Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлес қосқан қызметкерлердің еңбектері ескеріліп 15 полицейге «Алғыс» жарияланды.
Сұлтанбек Асанұлы полицейлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтай отырып, деңдеріне саулық, қажымас қайрат тілеп, Отбасыларыңыздың қорғаны, ата-аналарының үмітін ақтар азамат болуына сенім білдірді.

Келестік полицейлер Жеңіс күнін атап өтті. «Жеңіс күні» мерекесінде Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері әкімдікпен бірлесіп, ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алу шарасын өткізді.
Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза тапқандарды үнсіздікпен еске алды.
Сондай-ақ аудан әкімі Ж. Ағыбаев барша жерлестерді мерекемен құттықтап, халықтың мызғымас тыныштығы үшін еңбек етіп, күндіз-түні қызметте жүрген жеке құрам мен жеңіске жетуге барын салған ардагерлерге жылы лебізін білдірді.
Сондай-ақ ел бірлігіне үлес қосып жүрген бірқатар ауыл билерін марапаттады. Оған қоса ішкі істер органдарының құрметті ардагері Ораз Алиев «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің атынан арнайы алғыс хатпен және «Ел сенімі» медалімен марапатталды.

Полицейлер ғасырмен құрдас майдангерге құрмет көрсетті. Ордабасылық полицейлер жеңіс күні қарсаңында аудандағы жалғыз соғыс ардагеріне құрмет көрсетіп, құттықтау шарасын өткізді.
Полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаев бастаған полиция қызметкерлері ғасыр жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмен Мұратұлының шаңырағына арнайы ат басын бұрып, абыз ақсақалдың ақ батасын алды.
Ұлы Жеңістің 79 жылдығын тойлағалы отырған ардагер қан майданға небәрі 17 жасында аттанған. Өмірінің 35 жылын Арыс пен Бадам аралығындағы темір жол бойында өткізген, ғасырмен құрдас ақсақалдың ширақтығына куә болдық.
Үлкен отбасын асырап, ұл-қызын жетілдіру үшін Қалмен атамыз аянып қалмапты. Алдымен Арыс вагон депосында, кейіннен Бөген станциясындағы мекемелерде 1984 жылға дейін тер төккен.

Полиция қызметкерлері мереке күні де қызметте. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қаулысымен күнтізбедегі мамыр айының бірқатар күндері мерекелік дата болып белгіленген. Олар «Қазақстан халықтарының бірлігі күні», «Отан қорғаушылар күні» және «Жеңіс күні» мейрамдары.
Бұл күндері халық алаңсыз демалып, қыдырып, серуендеп жүргенде халықтың мызғымас ұйқысы мен тыныштығын күзетіп жүрген полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен қызметке түсіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
Қазіргі уақытта мерекеге байланысты Түркістан облысының аумағындағы орталық алаңдар, саябақтар мен ойын-сауық орындары қыдырып жүрген тұрғындарға лық толы.
Мұндай сәтте қандай да бір қылмыс немесе қайғылы жағдай орын алмас үшін, облыс полицейлері әр аумаққа бекітіліп, тәулік бойы қызмет атқаруда.
Барша азаматтардан мереке және демалыс күндері қоғамдық тәртіпті бұзбай, облыс аумағын таза ұстауға және тәртіпке шақырамыз!

Түркістанда Жеңіс күні аталып өтті.  Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында Жеңістің 79 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды,облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев, прокурор Мұрат Тілеубердиев, полиция, әскерилер, соғыс және тыл ардагерлері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Саябақтағы мемориалдық кешен тақырыпқа сай безендіріліп, келушілерге Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған көрме ұсынылды.
Арнайы әскери оркестр сүймелдеуінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалған соң жиынға қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ерлерді, ел басына күн туған кезде өмірін құрбан еткен жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Ел азаматтары ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Түркістан облысының әкімі көпшілікті Жеңіс күнімен құттықтап, бұл мерекенің маңызына тоқталды.
– Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Адамзат тарихындағы ең алапат сол майданда қазақ халқы шешуші рөл атқарғаны белгілі. Еліміздің ержүрек жігіттері мен қайсар қыздары әлемде бейбітшілік туын желбірету үшін қан төкті. Ерлік көрсетіп, Ұлы Жеңіске үлес қосты. Тылда еңкейген қария мен балалардың өзі күндіз-түні еңбек етіп, жеңісті жақындатты. Сондықтан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету, олардың ерліктерін ұрпаққа дәріптеу – ортақ міндет. Өйткені, біз – жеңімпаз буынның ұрпағымыз! Ардагерлерімізге, олардың ұрпақтарына амандық, шаттық тілеймін!»,- деді Дархан Сатыбалды.
«Жеңіс» саябағындағы мазмұнды жиында түркістандық «Жаңа леп» ұжымы «Ер есімі – ел есінде» театрландырылған музыкалық қойылымын ұсынды. Іс-шара «Семсер» тобының орындауындағы Бағдат Алтаевтың «Жеңіс күні» әнімен түйінделді.

Пікір жазу