Әлемде есірткі саудасынан кейін адам саудасы көлеңкелі бизнесті бастап тұр. Саналы жаратылыс иелерінің бір-біріне қастандық жасап, адам адамды сатуы, әрине, құлаққа түрпідей тиеді. Бұндай сұмдыққа қатысты елімізде 2020 жылдың қаңтар айынан бастап, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне өзгертулер енгізіліп, адам саудасына қатысты жазалар күшейтілді. Бұл туралы «Жас алаш» басылымына агенттігіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі жазады.
Жаза күшейгенімен де, қылмыстың бұл түрі тоқтамай, еліміздегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Негізінде, адам саудасын заңсыз құл иеленушілік, деп арнайы тыйым салған елдердің бірі – Мавритания мемлекеті болатын. Артынша бүкіл әлем адам ұрлығы мен құл иеленушілікті құптамай, бірінен кейін бірі заң қабылдай бастады. Бірақ бұл сұмдық қылмыстың түрі әлі де азаймай келеді. Ең өкініштісі, аса ауыр қылмыс түріне жататын адам саудасы біздің де мемлекетімізде өршіп тұр. Ресми дерек бойынша, еліміз адам саудасы бойынша 83-орынға жайғасқан. Оның ішінде, ең көп жоғалатындардың санатына ер адамдар кірсе, көп бөлігін әйелдер мен балалар құрайды. Бұл жақсы көрсеткіш емес. Осындай ауыр қылмыстың алдын алу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауын жолдап, зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі сату, адам саудасы, әйелдерге қатысты ауыр қылмыстардың жазасын күшейтуге қатысты ішкі істер саласының қызметкерлеріне жүйелі жұмыстардың жүргізілуіне нақты тапсырма берді. Осыған орай, өңірлерде арнайы шаралар жүргізіліп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді бастап кетті. Атап айтсақ, Орталық Азияның әскери ведомстваларында гендерлік кеңесшілерді оқыту басталды. Оларды оқыту БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік №1325 қарарын орындау жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары» шеңберінде жүргізілетін болады.
Заң жүзінде мұндай ауыр қылмысқа берілетін жаза қандай? Бұл жөнінде Тарбағатай заң кеңесшілер палатасының мүшесі, кәсіби заңгер Бағдат Амандосұлы адам саудасы бір ғана мемлекеттің шегінде жүзеге асырылуы мүмкін екендігін айтады. Заңгердің түсіндіруінше, ең алдымен, адам саудасына байланысты істерді қарау кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бас ассамблеясы 2000 жылғы 15 қарашада қабылдаған Біріккен Ұлттар Ұйымының трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттама Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 маусымдағы №37-IV Заңымен ратификацияланғанын ескеру қажет. Себебі Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағына сәйкес, Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады. Адамды сатып алу-сату деп бір тарап (сатушы) басқа тарапқа (сатып алушыға) адамды белгілі бір сыйақы үшін беретін құқыққа қайшы ақылы мәмілені түсінген жөн, және адамға қатысты сатып алу-сату немесе өзге де мәмілелер жасасуды адам басқа адамдарға берілген сәттен бастап, аяқталған қылмыс деп есептеледі, яғни бұл жерде адамды сатқаны немесе өзге де мәмілелерді жасасқаны үшін сыйақы алу уақыты маңызды емес.
– Сонымен қатар келесі мән-жайды ескерген жөн адамды немесе кәмелетке толмаған азаматты саудаға салу үшін мемлекеттік шекарадан өтумен міндетті түрде байланысты бола бермейді. Ол бір ғана мемлекеттің шегінде жүзеге асырылуы мүмкін. Адам саудасына байланысты аяқталған қылмысты жасаған, қылмысты жасауға дайындалған және оқталған адамның іс-әрекеттері қылмыстардың жиынтығын құрайды, – дейді.
Ал адам саудасы, құл иеленушілікке қатысты жазаларды заңгер Бағдат Амандосұлы толығырақ былай деп түсіндіріп берді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде 128-бабы адам саудасы бойынша қылмыстық жауаптылық мүлікті тәркіленумен қоса төрт жылдан он бес жылға бас бостандығынан айыру көрсетілсе, ал 135-бабы кәмелетке толмағандар саудасы бойынша қылмыстық жауаптылық мүлікті тәркілеумен қоса, бес жылдан он сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.
Осыған орай, бұндай іс-әрекеттер адамның бостандығын, оның жеке басының қауіпсіздігін, құқықтары мен заңды мүдделерін, ар-намысы мен қадір-қасиетін, тұратын жерін, қызмет түрі мен мамандықты еркін таңдау құқығын тікелей бұзады. Біздің азаматтық заңнамадан туындайтын қоғамдық қатынастардағы адам, жалпы мәмілелердің объектісі болып табылмайды және мұндай мәмілелер оларды жасасқан сәттен бастап, жарамсыз деп танылады. Сондықтан аталған қылмысты кінәлі адам саналы түрде тікелей ниетпен жасайды. Мұндай қылмыстарды жүзеге асыру әдіс тәсілдері – күш қолдану, оны қолдану қатерін төндіру, ұрлау, нұқсан келтіретін мәліметтерді, фото, бейнематериалдарды тарату қатерін төндіру, бопсалау, параға сатып алу, алдау, билікті теріс пайдалану, материалдық немесе өзге де тәуелділікті пайдалану, жеке басы, отбасы жағдайларын қасақана ауырлату және тағы сол сияқты болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 128 (Адам саудасы), 135 (Кәмелетке толмағандар саудасы) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық iстер бойынша алдын ала тергеудi iшкi iстер органдарының тергеушiлерi жүргiзедi, – дейді заңгер.
Жалпы айтқанда, адам саудасы, адамның бостандығын заңсыз шектеудің жазасы жеңіл болмайтынын, оған қарастырылатын қылмыстың статистикасын әркім білуі керек екендігін бүгінде барлық мекемелер қызметкерлерінен бастап, қарапайым халыққа да түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ешкімнің құрығына ілініп қалмауға кеңес беріп келеді. Әрі бұл іс адам саудасы тоқтағанша, жалғасын табады деп сенеміз.