Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » Әлемдегі адам саудасы

Әлемдегі адам саудасы

Адамзат тарихындағы ең әділетсіз, адам құқығы тапталған, қанқұйлы және аяусыз мәселе – адам саудасы. Адамды құлдыққа жегу, миллиондап еркінен тыс мәжбүрлі ұстау, зат ретінде сату немесе өлтіру ХХІ ғасырдың ең дамыған мемлекеттерінің өзінде әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Бұл өкінішке орай, Қазақстанға да қатысты болып отыр, деп жазады strategy2050.kz.

Әлемдегі адам саудасы

Адам саудасының тарихы тереңдерге кетеді. Құл иелену үрдісі Алғашқы қауымдық құрылыс аяқталғаннан кейін басталды. Соғыста қолға түскен тұтқындар, қарызға батып, кері қайтара алмағандар құлдықтың қамытын киетін. Құлдардың құқығы болмады. Олар тек берген тамақты ішіп, тапсырманы орындауға ғана тиіс болатын. Құлдық әлемнің барлық өңірінде болды деуге болады. Құлдықтың классикалық үлгісі ретінде ежелгі Вавилон, Мысыр, Грекия, Римдегі мысалдар жиі айтылады. Тіпті, діндер тарихын оқысақ адамдарды ізгілікке адамгершілік пен жақсалыққа шақырған дін лидерлерінің өзі құл ұстағанын көреміз.

Құл иеленушіліктің бертін келе кең қанат жайған кезінің бірі Американың ашылуы және плантация мен құрылыс басында пайда болған жұмыс күшіне қажеттіліктен кейін өріс алды. Еуропалықтар екі ғасырдан астам уақыт Африканың миллиондаған тұрғынын кемелерге тиеп, адам төзгісіз жағдайда Америкаға жеткізді. Деректерге сүйенсек, 1619-1860 жылдар аралығында Африкадан Америкаға жеткізілген құлдар саны 19 миллионан асады. Бұдан бөлек 60 миллионнан астам африкалық жолдағы ауыр жағдайға шыдамай жан тапсырған. Тірі жеткендері аяусыз жұмысқа жегілді. Құл саудасына байланысты Африка құрлығы жалпы 80 миллионға жуық адамынан айырылған.

Құл саудасына қарсылық қай кезде де бар болатын. Алайда билік басындағылар мен қаржылы топтардың мүдделеріне қарсы шара қолдана алмады. Қазір демократияның жаршысы саналатын АҚШ-тың өзінде құлдыққа қарсы күрес ұзақ жылдар бойы жалғасып, мәселеге 1861-1865 жылдары орын алған азаматтық соғыс нәтижесінде ғана ресми нүкте қойылды.

Құлдыққа тыйым салу Францияда да XVIII ғасырдағы буржуазиялық революция нәтижесінде, Англияда 1807 жылы қабылданды. Бірақ мұндай шешімдер орталықтан шыққанымен жергілікті жерлерде оны іске асыру үлкен кедергілерге тап болып, ымырасыз күрестің арқасында ғана орындалды.

Адам саудасы мәселесі қазіргі өркениетті қоғамда да әлемнің басты проблемаларының бірі. Бейресми деректерге сәйкес әлемдегі үшінші ірі заңсыз бизнес түріне адам саудасы жатады. Болжам бойынша оның жылдық тауар айналымы 10-15 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл болжам ғана. Өйткені нақты мәліметке қол жеткізу әзірге мүмкін емес. БҰҰ мәліметінше жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады екен.

Ал әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайыздан астамын нәзік жандылар, яғни әйелдер мен қыздар құрайды. Ал жалпы құрбандардың үштен бірі балаларға қатысты болып отыр.

Әйелдер көбінесе сексуалды мақсатта пайдалану үшін құлдыққа жегіледі. Қазіргі таңда Таяу Шығыста соғысушы ДАИШ лаңкестік топтары әйелдерді соғыстағы еркектердің құмарын қандыру мақсатында жиі пайдалануда. Лаңкестердің арасында қолжаулыққа айналған әйелдер аз емес. Бұл деректі әлемдік сарапшылар да қуаттап отыр. Әйелдердің құлдыққа түсуіне бұрмаланған діни идеологияның ықпалы зор екенін айта кету керек.

Қосымша айта кетерлігі, қазіргі таңда тегін жұмыс күші мақсатында және локальды соғыстар кезінде мәжбүрлі түрде ұрыс алаңында қызмет еткізу үшін ер азаматтардың да құлдыққа ұшырауы жиілеп келеді.

Ресми статистикалық деректерге сүйенсек 2003-2016 жылдар аралығында 225 мың адам құлдықтың немесе адам саудасының құрбанына айналған. Бұл тек расталған, анықталған мәліметтер. Сондықтан анықталмаған, ресми тізімге енбеген құрбандардың бұдан да көп болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Мысалы бейресми деректер жыл сайын адам саудасының құрбаны атанатындар екі жарым миллион адам екенін болжайды.

Сондықтан бұл әлемдік деңгейде қатаң шаралар мен ұйымдасқан ерік-жігерді талап ететін маңызды мәселе. Адам саудасымен күреске байланысты халықаралық шарттар, біріккен күрес үрдістері болғанымен әлі күнге бұл мәселе өз шешімін таппай келеді. Осынау трансұлттық қылмыспен күресте біздің еліміз де бар күш-жігерін сарп етуде.

Адам саудасы Қазақстанда

Қазақстан да әлемнің көптеген елдері сияқты адам саудасымен күресті басты бағдар етіп алған. Бұған қарамастан адамды саудалау, оны ұрлау, еркінен тыс мәжбүрлеп жұмыс істету фактілері толастар емес.

Әлемде және Қазақстанда адам саудасына қатысты кең тараған сала жезөкшелік, яғни тән саудасы арқылы ақша табу. Қазақстаннан құлдыққа, яғни жезөкшелікке түсетін әйелдер шет мемлекеттерге, әсіресе Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы секілді елдерге тасымалданады. Туризм, жұмыс істеу мақсатында шет мемлекеттерге барып, сол жерден құлдыққа түсетін отандастарымыз аз емес. Бұл аталған елдерге Қазақстан азаматтары үшін визалық жеңілдіктердің болуымен де байланысты.

Сондай-ақ, көршілес Орталық Азия елдерінен, яғни Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келіп, тәнін саудалайтын әйелдердің саны азаймай отыр. Аталған елдерден Қазақстанға құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда-саттық саласында еңбек етуге келіп, құлдыққа ұшырап жататын ер азаматтар да бар. Бұл да сол елдердегі экономикалық жағдайдың әсері болса керек. Адам саудасы фактілерінің көші-қон үдерістерімен бірге өсетінін мониторинг жұмыстары дәлелдейді.

2008 жылы Walk Free халықаралық ұйымы Қазақстанда 75 мың адам құлдықта өмір сүруде деген деректі келтіреді. Яғни, еліміз статистикаға енген 167 мемлекеттің ішінде 83-орынға жайғасты.

Бұл әрине жағымсыз көрсеткіш. Осы ретте, бұған қатысты ресми деректер айтылмайды. Деректердің айқын болмау себептері көп.

Біріншіден – шетелден келетін мигранттардың құлдыққа түсуіне қатысты мәліметтер анық емес.

Екіншіден – құлдыққа түскендер босағаннан кейін де кек алу қорқынышынан көрген зәбірін айтып, шағымдана бермейді.

Үшіншіден – жезөкшелікке тап болған нәзік жандылар ұялғанынан және болашағын ойлап, шағымданбайды.

Сондықтан ресми қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарды есептемесек құлдыққа түсіп, адам саудасының құрбанына айналғандар туралы тап басып айту қиын. Осыдан кейін жоғарыда аталған ұйым сияқты тәуелсіз институттар мониторинг нәтижесін, зерттеулерді негізге алып болжам жасауда.

Қазақстан соңғы жылдары адам саудасымен күрес бағытындағы заңнамалық базаны қатаңдатуда. Адам саудасына қатысты қылмыстық жауапкершілік 2006 жылы іске қосылса, кейіннен біртіндеп жауапкершілік деңгейі қатаңдай түсуде. Қазақстан 2008 жылы БҰҰ Палерм хаттамасына қол қойды.

Дегенмен, АҚШ Мемлекеттік департаменті 2019 жылғы есебінде Қазақстанды адам саудасымен күресте «бақылаудағы елдер» қатарына енгізіп, елдегі заңнамалық жауапкершілікті әлсіз деп таныды. Осыған байланысты бұл бағыттағы қылмыс саны да азаймай отыр деп дабыл қақты.

Айта кетерлігі, «бақылаудағы елдер» 4 санатқа бөлінеді. Қазақстан аталған есепте үшінші санаттағы елдер қатарына қосылды. Бұл санатқа қосылған елге халықаралық деңгейде шектеулер (халықаралық қаржы институттарының көмегін шектеу, гуманитарлық емес көмек түрлерін тоқтату т.б.) немесе АҚШ бастаған кейбір елдердің санкциясы салынуы мүмкін екенін айта кету керек. Бұл ретте, қалыптасқан жағдайды түзету және адам саудасының алдын алу мақсатында Қазақстанға 11 ұсыныс жолданды.

Осыған орай, биыл Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіліп, адам саудасына байланысты кінәлі тұлғаларға жауапкершілік күшейтілді. Атап айтсақ, 2014 жылғы 3 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 128 бабының 1-тармағында «Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндiру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасау – мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған. Бұрын жаза 3 жыл болатын. Ал адам саудасына қатысты топтық түрде жасалған қылмыс болған жағдайда қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жәбірленушімен алдын жазбаша келісім, ала сөз байласу, психикалық алдап-арбау, материалдық тәуелділік жағдайын пайдалану сияқты жағдайлардар да қылмыстық жауапкершіліктен қашуға мүмкіндік бермейді.

Қазіргі таңда коронавирус індеті әлемдік экономиканы едәуір құлдыратып, тек Қазақстанда ғана емес әлемдік деңгейде жұмыссыздар санын арттырып отыр. Жұмыссыздар саны ұлғайса қылмыс сайы көбейіп, ақша үшін тәнін саудалайтын, төмен шарттармен жұмыс іздеп, құлдыққа ұшырайтындар саны артуы мүмкін.

Адам саудасының алдын алу аталған қылмыстың орын алуын жеңілдететін себептермен күрестен басталуы тиіс. Мысалы интернет коммуникацияның дамуы адам саудасын да жеңілдетуде. Internet World Stats ұйымының мәліметінше, Қазақстан интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына жатады.

Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік саласындағы шектеу және ағарту жұмыстарын күшейткен жөн. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру да адам саудасының алдын алуға септігін тигізеді.

Қазіргі таңда технологияның дамуы адам еңбегін алмастыратын жаңа технологияның қолданысқа енуін, көптеген мамандық түрлерінің ескіріп, жарамсыз атануын жылдамдатуда. Бұл болашақта жұмыссыздар қатарын көбейтіп, жұмыс табу мақсатында мәжбүрлі қызметтерге тап болатындар санын көбейтуі мүмкін.

Адам саудасының алдын алудағы тағы бір маңызды қадам – заңнамалық шектеулерді қатаңдату және заң талаптарын орындау жағын қамтамасыз ету. Өйткені заңның дұрыс орындалмауы қылмыс санын арттыруға алып келеді.

Қорытындылай келгенде, адам саудасының алдын алу және аталған қылмысқа қарсы ымырасыз күрес кез келген елдің, жеке азаматтардың назарындағы басты мәселелердің бірі болуы тиіс. Өйткені бұл адамның тағдыры, денсаулығы, өмірі, оның құқығының қорғалуы деген сөз. Адам баласы үшін бұлар ең басты құндылық.

С.Есіркеп

 

 

Пікір жазу