Қараспан ауылдық округіне қарасты Батыр ата және Бөржар ауылдық округіне қарасты Бірлік пен Жамбыл ауылдарына газ берілді. Көп жылдар бойы көгілдір отынға қол жеткізе алмай жүрген жұртшылықтың қуанышында шек болмады, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы
Бақдәулет Жұмабеков арнайы келіп, құттықтауларын жеткізді.
1300-ден астам тұрғыны бар Батыр ата ауылына газ тарту жұмысы 2020 жылы басталған. 244 абонент бар. Ауылға тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы 19,039 шақырымды құрайды.
Бірлік пен Жамбыл ауылдарының тұрғындары да көгілдір отынды ұзақ күтті. Қазіргі таңда екі ауылды қоса есептегенде халқының саны 2300-ден асып жығылады. 332 абонент бар. Оларға тартылған газ құбырының ұзындығы 27 шақырымнан асады.
Жалпы, аудандағы 57 елді мекеннің 19-ы газбен қамтылған. Бұл аудан тұрғындарының 38,2 % -ын құрайды. Маусым айында Қараспан, Бейсен, Мақташы және Ақжол ауылдарына газ беру жоспарланып отыр. Одан бөлек 10 елді мекенді газдандыру жұмыстары қыркүйек-қазан айларында аяталады деп күтілуде.
Шара барысында газ мамандары тұрғындарды табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертіп өтті.
© Didarbek.kz