Қазығұрт ауданы орталығында орналасқан кәсіпкерлік мектебінде «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтті, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету мақсатында ұйымдастырылған акцияға аудандық кірістер басқармасының мамандары, аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен мекемелер, тиісті орган қызметкерлері қатысты.
«Халық заңгері» акциясына келген тұрғындар, өз көкейлерінде жүрген ҚР Заңнамалары бойынша, жеке азаматтық құқықтары бойынша, салық және қаржылай мәселелер бойынша өз сұрақтарын қойып, тиісті мамандардан кеңес алды.
Республика бойынша өткізіліп жатқан айтулы акцияны ұйымдастырушылар – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары.
Кез-келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті консультация ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалары бар.
Айта кетейік, «Халық заңгері» акциясын өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналды. 2016-2023 жылдар аралығында акцияға 8000-нан астам үздік сарапшы және мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзыретке ие өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 165 000-нан астам азамат консультация алған. Сондай-ақ, акция форматы Қазақстанда ғана емес, әлемде ауқымы мен географиясы бойынша теңдесі жоқ.
© Didarbek.kz