Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді көктемнің жарқын мерекесі ұлы Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Көктем мезгіліндегі күн мен түннің теңесуін ежелде ата-бабаларымыз «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.
Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Ұлыстың осы бір ұлы күнінде адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарханын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген.
Қазақстандағы жүздеген ұлт пен ұлыстардың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті, берекелі өмір сүріп жатыр. Әз наурыздың адам баласын ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа тәрбиелейтін тереңнен тартар ежелгі қасиетін біз барлық қазақстандықтардың бойына дарытуға, оны өз өміріміздің салтына айналдыруға міндеттіміз.
Ұлы Наурызда адамзат баласы көңіл кірбіңдерінен арылып, жан дүниесін тазартып, алдағы күндерге сенім артып, үлкен үміт күтуде. Сол үмітке жауапты халқымыз Президент Жолдауынан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан және 5 әлеуметтік бастамалардан тауып отыр деп айта аламыз.
Бүкіл еліміз Жер-Ананы аялап, туған өлкені көгалдандырып, гүлдендіріп, көк желекке айналдыру үшін жоспармен, ақылға салып көп іс-әрекет атқарып келеді. Көктемнің бұл айы сонысымен де қадірлі, әрі тағылымды.
Наурыз күні ойға алған барлық арман-мұраттарыңыз орындалып, үміттеріңіз ақталуға жазсын!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Ақ түйенің қарны жарылып, молшылық пен ырысқа кенелетін Ұлыстың Ұлы күні баршаңызға татулық пен тыныштық сыйлап, елімізге құт-береке әкелсін!
Төрлет, жоғары шық, бейбітшілік пен достықтың бастауы болған Әз-Наурыз!
Құрметпен, аудан əкімі
Қайрат Абдуалиев