1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы орайда еліміздің, оның ішінде Қазығұрт ауданының бүлдіршіндері бұл мерекені кең көлемде атап өтуде.
Қазығұрт аудандық білім бөліміне қарасты Оқушылар сарайы және Өнер мектебінің балалары арнайы концерттік бағдарлама қойып, би билеп, ән айтып, сахнада өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, асық ойны, ләңгі тебу секілді түрлі спорт ойындары ұйымдастырылып, ашық аспан астында суретші балалар сурет салды.
Осы орайда, орталық саябаққа жиналған қазығұрттық ата-аналар мен балдырған балалар үшін де түрлі спорттық ойындар, кітап көрмелері, мерекелік концерт ұйымдастырылып, соңынан орталық Мәдениет сарайында тегін мультфильмдер көрсетілді.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аян Көшкінбай барша іс-шараларға қатысып, өз құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, аудандық Полиция бөлімінің және аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері де шараларға арнайы қатысып, жаз мезгіліндегі, демалыс маусымындағы қауіпсіздік шараларын кеңінен түсіндіріп өтті.

Бала қуанышын бағына балаған ата-аналар мерекелік көңіл-күй сыйлаған азаматтарға алғыстарын айтып, мәз-мейрам болып тарқасты.
© Didarbek.kz