Құрметті Қазақ елі! Қадірменді кентаулықтар!
Ағарған таң мен жаңарған күнге қадам басқан, атан көтермес ауыр жүк түссе жұмыла көтеріскен қадірлі жерлестер!
Осынау бес мың жылдық тарихы бар ұлысымыздың ұлы күні – Наурыз мейрамы дархан даламыздың алтын босағасын аттады. Тарихы терең Наурыз мерекесі тек той ғана емес, тұтасқан жұрттың тағлымға толы игі дәстүрі, асылы бойымызға сіңген ата салтымыз. Ендеше, ықылым заманнан бері үзілмей жеткен ұлы мейрам, Наурыз мерекесі баршаларыңызға құтты болсын!
Дана халқымыз: «Алтында тас, тас та тас» деп нені байлық көретінін меңзейді. Біздің халқымыздың бір ғана байлығы бар ол еліміздің бірлігі. Сондықтан халқымыз арпаны ас етіп, алтынды тас еткені. «Ағайын тату болса ат көп» деген даналарымыздың өсиетін ту еткен халқымыздың басынан бірлік кетпесін ағайын!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын, баршаларыңыздың бастарыңызға бақыт шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін! Әрбір шаңырақта сәбидің күлкісі кетпесін, ұйқысы бұзылмасын, Абыз ақсақалдар мен аяулы әжелер аман болсын. Мәңгілік елдікке бет алған керуен халқымыздың көші тыйылмасын, осынау ұлы тойы тарқамасын!
Ізгі ниетпен,
Кентау қаласының әкімі Ә.Т.Мақұлбаев