Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » Ұлт саулығына, болашағына үлкен қауіп

Ұлт саулығына, болашағына үлкен қауіп

Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда электронды шылымдар мен вейптердің зияны туралы айтқан болатын. «Ұлт денсаулығына қауіп төндіретін тағы бір кесел – бұл вейптер мен электронды темекінің алуан түрлері. Өкінішке қарай, оларды қолдану жасөспірімдер арасында сәнге айналды. Бұған олардың қолжетімділігі мен заңсыз жарнама ықпал етеді. Шын мәнінде, жастар өзіне қауіп-қатер төндіріп отыр. Себебі вейптердің өзі зиян­ды, есірткіге бір қадам жақын. Осы қауіпті құбылыспен күресу үшін жүйелі әрі шұғыл шаралар қабылдау керек, тек тыйым салумен мәселе шешілмейді», деген еді Мемлекет басшысы.
Вейп. Бұл сөзді бұған дейін естіп пе едіңіз? Егер таңсық болса, көшеде қолындағы құрылғысын құшырлана тартып, бу үрлеп жүргендерді көрген боларсыз. Міне, сол құрылғыны вейп деп атайды. Сонымен «вейпинг» дегеніміз не?
Ол ағылшынның «vapе» – буды жұту және шығару сөзінен шыққан. Вейп – аккумулятор және буландырғыштан тұратын электронды темекінің бір түрі. Шылымқорлар бұл аппаратты денсаулыққа ешқандай қаупі жоқ деп есептегенімен, алайда АҚШ-та алғашқы вейпердің өлімі тіркелді. Содан кейін тағы вейп-қолданушы төрт адам ажал құшты. Бірнешеуі белгісіз аурудың кесірінен аурухана төсегінен бір-ақ шыққан. Ендігі АҚШ билігі барлық электронды сигареттің түрін қолдануға тыйым салуды көздеп отыр. Мұхиттың ар жағындағы мұндай жан тұршігерлік оқиғалар біздің елге жеткен жоқ. Дейтұрғанмен «жеткен жоқ» деп, одан әрі хош иістендірілген буды жұтып отыра беруге болмайды ғой.
«Vape»-тің құрамы қандай?
Біріншіден, вейп құрамында тұрмыстық химия заттарында кездесетін пропиленгликоль бар. Оның адам ағзасына зиян келтірмейтіні туралы бірде-бір дәлелденген ақпарат жоқ екен. Екіншіден, онда глицерин кездеседі. Алайда ол жанған кезде денсаулыққа қаншалық әсер ететіні жөнінде зерттеулер жүргізілмеген. Адам не жұтады? Одан зиянды нәрселер бөліне ме? Үшіншіден, вейптің құрамына аллергия шақыруы мүмкін хош иістендіргіштер кіреді. Вейп – девайстардың келесі ұрпағы. Оны қолдану үшін арнайы сұйықтық құйып, дәмі мен қаттылығын нақтылап қойсаңыз жеткілікті. Прибор сыртынан қарағанда сигараны немесе темекі тартатын түтікшені еске салады. Оны көбінесе шылыммен алмастыру үшін немесе есірткі заттарсыз хош иістендірген буды жұтуды қалайтындар қолданады.
Ағзаға қалай әсер етеді?
Пульмонолог Анна Жарылғапова вейпті қолданатындарды екі топқа бөліп қарастырыпты. Біріншісі – темекі тартуды мүлде тоқтатып, вейпке көшкендер. «Бұл жағдайда шеттен тыс қолдана бермесе, уронның ағзаға тигізер зияны азаяды» дейді ол. Ал екіншісі – бұрын шылым шекпеген, сәнге еріп, вейп қолдануды бастағандар. Ол көбі ойлайтындай организмге залалсыз елірткіш емес. Вейп этикеткасында никотин туралы бірде-бір сөз болмаса да, құрамында ол кездесуі мүмкін. Одан бөлек қысым көтерілгенде және электронды құрылғының қуатына байланысты отыздан аса уландырғыш заттар формальдегид, ацетальдегид, акролеин, ацетон бөліне бастайды.
Дәрігер вейп буында темекі түтініндегі өкпенің эптелий жасушаларын құртатын күйе мен шайыр жоқ болғанымен, сұйықтық тамшысы дем алатын жолдарда тұрып қалып, оның жұмысын қиындатуы мүмкін екенін ескертеді. Қанға аз оттек түсіп, гипоксия яғни, оттектің жетіспеуі туындайды. Нәтижесінде ішкі жасушалық процесстер бәсеңдеп, қартаюға алып келетін процесстер жұмысын күшейте түседі. Вейпті көп пайдаланған сайын, сілекейдің бөлінуі күшейіп, бронхта микробтарты қақырық жинала бастайды. Әрине, оның денсаулыққа алып келер пайдасы шамалы. Базалық үлгілері 5-13 мың теңге аралығында тұрса, жартылай кәсіби түрлері 15-25 мың, кәсіби үлгілері 40-100 мыңға дейін жетеді екен. Ал сұйықтықтар 2 мың теңгеден басталады екен.
Жалпы вейп зияны соңғы уақытта көбірек анықталып отыр. Ғалымдар хош иістендіргіштерді зерттей отырып, олардан 75% диацетил токсинді химикатының кездесетінін анықтаған. Ол өлімге жетелейтін «попкорнды ауруды» дамытатын болып шықты. Диацетил көптеген хош иістендіргіштерде (жемісті хош иістендіргіш, кондитерлік тағамдардың иісі, кәмпит) кеңінен қолданылады. Осындай азық-түліктердің май иісіне пайдалану бронхиолиттің дамуына соқтырады. Бұл ауру попкорн өндіретін компанияның қызметкерлерінде кездесіпті. Яғни, диацетилді тағамдарға қосуға рұқсат болғанмен, оны көп уақыт бойы иіскеп жүру – дертке шалдықтырады. Тыныс алу жолдарында артық проблемаларға жолыққыңыз келмесе, диацетилден сақ болған жөн. Пропиленгликоль ағзада жинала келе, аллергиялық реакция тудырады. Тіпті, іріңге ұласып, бауыр мен бүйрек жұмысына аса зақымын тигізеді. Сұйықтықтағы хош иістендіргіштер аллергиялық дерттер тудырып, демалу жолдарынан бастап, бронхты демікпеге дейін жеткізіп жатады. Сұйықтықтағы никотин өзіне тәуелді етіп, рак ауруына апаруы ғажап емес. Жай темекіден электронды құрылғыға көшу «шылымды қоямын» деген мақсатқа жеткізбеуі мүмкін. Аккумулятордың қызып кетуіне байланысты құрылғы жарылып кеткен оқиғалар кездеседі. Бір құрылғыны көпшіліктің пайдалануы гепатит пен туберкулезге шалдықтыруы ықтимал.

Жалпы, электронды темекі мен вейп мәселесі Қазақстанды ғана емес, әлемді де алаңдатып отыр. Электронды темекі на­рыққа алғаш рет шыққанда адамға зиянсыз екені алға тар­ты­­латын. Сондай-ақ кәдімгі те­­ме­кіден бас тартуға көмек­тесе­тін өнім ретінде жарнамаланды. Кейінгі бірнеше жылда шар­та­раптың түкпір-түкпірінде оған тыйым салуға белсенді кірісті.

Мәселен, таяуда ғана Ұлы­бри­тания үкіметі аталған зиян­ды өнімді шектеу жөнінде заң жобасын Парламент қарауына ұсынды. Тұманды Альбионның премьер-министрі Риши Сунак жастардың темекі шегуін тоқтату мақсатында Ұлыбританияда бір рет қолданылатын вейптерге тыйым салынатынын мәлімдеді.

«Вейптің ұзақмерзімді әсері белгісіз және олардың құра­мын­дағы никотин өте тәуелді болуы мүмкін. Сондықтан шылымнан бас тартуға көмектесетін құрал ретінде пайдаланылса да, оны балалар мен жасөспірімдердің қолдануына жол бере алмаймыз», деді Р.Сунак.

Ұлыбритания үкіметі жаңа ереже енгізу арқылы электронды темекіде хош иіс қолдануды шектемек. Ендігі жерде оны қарапайым қаптамамен орайды әрі қарапайым дүкенде сатуға шектеу қойылады. Тұманды Альбионның үкіметі мұндай қадамға кештеу барып отыр. Әйтпесе, Шотландия мен Уэльс тарапы талайдан бері вейпке ты­йым салуға шақырып келеді.

Осы орайда айта кеткен жөн, электронды темекінің ден­сау­лыққа зиянынан бөлек қор­­ша­ған ортаға тигізер зардабы да ауыр. Өйткені оны тұтын­ған­нан кейін арнайы орындарға емес, қоқыс жәшігіне тастайды. Салдарынан электронды темекіні жасауға пайдала­нылатын пластмасса, оның құ­ра­мындағы заттар, электронды жаб­дықтар қайта өңделмей, қоқыс полигонына апарылады.

Ирландия да вейпке тыйым салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда аталған елдің үкіметі ха­лық­тың пікірін сұрастырып, сауал­нама жүргізіп жатыр. Ир­лан­диядағы денсаулық сақ­тау және қоршаған ортаны қорғау қауымдастығы үкі­метті тезірек әрекет етуге ша­қыр­ған. Мысалы, «Voice Ireland» ұйымы арнайы петиция жа­риялап, «Еуропадағы бір рет қолданылатын вейпке тыйым салған бірінші ел» ету мақ­са­тын­да #Ban­DisposableVapes науқанын әлеу­мет­тік желілерде жүргізіп келеді.

Германия да осындай электронды темекіге қарсы шара қолдануды көздеп отыр. Кейбір экологтер оған бүкіл Еуропалық одақта тыйым салуды көздейді. Солардың қатарында Қоршаған ортаны қорғау министрі Стеффи Лемке де бар. «Бір рет қол­данылатын электронды теме­кілер қоршаған ортаны ластайды. Электр құрылғы ретінде қай­та өңдеуге жіберілудің орнына тұрмыстық қалдықтарға айналады», дейді С.Лемке.

Тіпті қарт құрлықтағы нағыз шылымқор ел саналатын Фран­ция да вейптерге қар­сы­лық біл­дірді. Бұдан бөлек, Уругвай, Аргентина, Бразилия секілді бір­қатар мемлекетте вейп­тер­ді қол­дануға ішінара тыйым салынған.

P.S.: Өткен ғасырда Батыста ерлердің көбі трубка мен сигара тартып, шылымға сұраныс аз болыпты. Содан АҚШ заңының олқылығын пайдаланған American Tobacco қожайыны Джеймс Дьюк басқа бағытты тапты. Темекіні әйелдер мен балаларға жарнамалай бастады. Сөйтіп дегеніне жетіп, нәзік болмыс иелері көкшіл түтінді түйдек-түйдек бұрқыратуды ерлермен тең болудың, ал жасөспірімдер – ересек көрінудің нышаны деп қабылдады. Бұл әлемде ауыр дерттің белең алуына соқтырды. Аталған дерт дендемесін десек, мейлінше алдын алуымыз шарт. Себебі денсаулық – зор байлық!

Пікір жазу