Түркістан облысы аумағында 26 маусым «Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күні» аясында нашақорлыққа қарсы айлық профилактикалық іс-шаралар өткізу жүзеге асырылуда. Шараның басты мақсаты – есірткісіз аймаққа айналуды көздейді.
Есірткімен күрес, нашақорлықтың алдын алу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл – қауіпті кеселді аса ауыр қылмыс деп бағалауға да болады. Өйткені, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Ұлттық Құрылтайда айтылған бұл ой бәрімізді алаңдатады.
Есіркімен күрес мәселесі бүгінде тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде орын алған ғаламдық дертке айналып отыр. Қиындықты шешудің оңай жолы көретін бұл дертпен күресу, алдын алу туралы көптеген шаралар атқарылып келеді. Десек те, тәуелділіктің бұл түрі тоқтар емес. Сондықтан нашақорлықпен күрес толастамақ емес.
Жалпы, алғанда, есіртікі қылмыстарының алдын алу мен болдырмауға мемлекет қатаң шаралар қабылдауда. Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайдың жалпы отырысында мұны Президенттің өзі айтты.
«Мен бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр. Қазақстан Республикасының аумағында есірткі өндірісі белең алып барады. Бұл – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін мәселе. Есірткінің таралуына қарсы күрес үшін бүкіл уәкілетті органдардың күш-жігерін біріктіру керек. Әйтпесе, жағдайды ушықтырып аламыз. Қазақстан аумағында синтетикалық есірткі өндіретін орындарды түбегейлі жою үшін батыл шаралар қабылдау керек. Бұл – аса маңызды міндет» деді Мемлекет басшысы.
Президенттің тапсырмасын орындауға Ел Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар кірісіп кетті. Енді есірткі егіп есіріп, оны қолданып жүргендерге жаза қатаң болады. Бұл жұмыстар заң үстемдігін қамтамасыз етуді басты мақсат санайтын ауылымызда да кешенді түрде жүргізіле береді.
Адамдардың психикасына тікелей әсер ететін өсімдік тектес және синтетикалық заттық негізгі химиялық қосындыларының барлығы келешек ұрпағымыздың тамырына балта шабуда. Осындай кеселмен күресу үшін құқық қорғау қызметкерлері мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу мақсатында көптеген іс-шараларды іске асыруда. Дегенмен қоғамымызда құқық бұзуға бейім адамдар бар екені мәлім. Сондықтан бұл дертті жеңу үшін бәріміз бірігуіміз керек.
Көпшілікті нашақорлыққа итермелейтін көптеген факторлар бар. Бірақ одан аулақ болу керек. Себебі, біріншіден, нашақорлық денсаулықты бұзады. Оның құрамындағы улар барлық ағзаға зиянды әсер етіп, жүйке жүйесін зақымдайды, өмірді қысқартады. Тағы бір қауіп – көптеген жазылмайтын аурулардың жұғуы. Осындай жағымсыз әсерлерді біле тұра оны қолданудың маңызы қандай?
Екіншіден, есірткі жақындарыңызбен қарым-қатынасты бұзады. Бала, жасөспірім немесе ересек адам заңсыз заттарды қолдана бастағанда, оның бүкіл әлемі жойылады. Дозаны сатып алуға тырысқанда нашақор кез келген әрекетті жасайды: тонайды, үйден ақша мен құнды заттарды алып кетеді, тіпті қажет нәрсені алу үшін күш қолданады. Есірткі әсеріндегі адам есінен танып қалады. Осылайша, ол жанындағы достарын, туыстары мен жақындарын алыстатып алады.
Нашақорлық – адамзаттың қас жауы. Бүгінде дүние жүзі осы ғасыр дертінің алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолданып, мәселені шешудің жолын іздеуде. Елімізде де нашақорлықпен күрес кешенді түрде жүргізілуде. Нашақорлық – еліміздің дамуына орасан зор кедергі келтіретін індет, сондықтан біз осы індетпен табанды түрде Қазақстанның болашағы үшін аянбай күресуіміз керек.
Осындай кеселдің адам өмірін құртып жатқанын түсіне отырып, барлық қоғам өкілін саламатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Жарқын болашаққа қол жеткізіп, мемлекетіміздің дамуына үлес қосайық. Нашақорлық дертінің алдын алуда бірігіп күрессек қана, нәтижеге қол жеткіземіз!