Бүгін, 26 маусымда бүкіл әлем есірткіні теріс пайдаланумен және олардың заңсыз айналымымен күресудің халықаралық күнін атап өтуде, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық күн 1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының өз қызметін күшейтуге және нашақорлықсыз әлемдік қоғам құруға деген шешімінің көрінісі ретінде құрылды.
Осыған орай, Қазығұрт ауданының орталық футбол алаңында аудан халқының, мемлекеттік және қоғамдық қызметкерлерінің, еріктілері мен жастарының және барша спорт сүйер қауымнан құралған 600 адамның қатысуымен «Біз – нашақорлыққа қарсымыз» акциясы өткізілді. Атаулы акция барысында барша қатысушылар таңғы 7:00-де жиналып, бірліктің зор үлгісін көрсете отырып бір мезетте таңғы жаттығулар жасап, көңілді әнге флешмобтар билеп, денсаулықты жақсарту үшін орталық алаңды айнала жүгіріп шықты.
Акцияға арнайы қатысып, сөз сөйлеген аудан әкімі Азизхан Исмаилов:
— Жиырма бірінші ғасырдың басты дертіне айналған «нашақорлық» баршамызды алаңдатады… Бүгінгі жиынымыздың да басты мақсаты – қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және дені сау ұрпақ тәрбиелеу. Сол арқылы нашақорлық пен есірткіге қарсы күресу. Баршаңызды, бабалар салған ізгі жолмен жүріп, батыстан келген мұндай дертке қасқайып қарсы тұруға, ұлтымыздың даналығын пайдалана отырып, денсаулықтын қадірін білуге шақырамын. Нашақорлықпен күрес жолында баршамыз бірліктің мызғымас үлгісін танытып, спорттың бұқаралық сипатын дамытамыз және сол арқылы жарқын болашаққа бірге қадам басамыз деген сенімдемін, — деп игілікті іс-шараға қатысушы барша тұрғындарға алғысын білдіріп өтті.
Ғасыр дертіне айналған нашақорлықпен күрес бағытындағы мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өз жалғасын табатын болады.
© Didarbek.kz